07 қаз, 2019 сағат 06:28

Әлеуметтік көмекті заңсыз алған 73 азамат мемлекетке 156 млн теңге қайтарды

Атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған 73 азамат мемлекетке 156 млн теңге қайтарды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2018 жылы біз атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін табысқа қойылатын өлшемшартты алғаш рет ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайыздан 50 пайызына дейін көтеріп өзгерткен болатынбыз. Осы жылдың 1 сәуірінен бастап кедейшілік шегі 50-ден 70 пайызға дейін өсті. Сондай-ақ, табысы төмен отбасының әрбір баласына атаулы әлеуметтік көмек нақты 20 789 теңге мөлшерінде белгіленді. Шартсыз ақшалай көмекті тағайындау мерзімі үш айдан 6 айға дейін, шарты ақшалай көмек 6 айдан 12 айға дейін ұзартылған болатын», - деді ол.

Министрдің дерегінше, осы жылдың 9 айында АӘК 417 мың тобасына немесе 2 млн 138 мың адамға тағайындалды. Барлық алушылардың жарысынан астамы көпбалалы отбасылар саналады. Бюджетте АӘК-ке 206 млрд теңге көзделген.

«Бұл шаралар бір жағынан көмекке мұқтаж жандар мемлекеттен нақты қолдау алып, көп отбасы табысы төмен отбасылар санатынан шығуына ықпал етті. Екінші жағынан өкінішке орай, жекелеген азаматтар атаулы әлеуметтік көмектің кеңейтілген мүмкіндіктерін теріс пайдаланған фактілер болды. Мысалы, АӘК-ті тағайындау кезінде 73 мыңнан астам жанұя өз табыстарын жасырып, АӘК заңсыз тағайындалғаны анықталды. Ол бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы органдар іс жүзінде барлық жағдайды пысықтап, нәтижесінде бүгінде мемлекетке 156 млн теңге қайтарылып отыр», - деді Біржан Нұрымбетов.