20 мау, 2019 сағат 11:55

Ақмоладағы ұшақ апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Ақмола облысындағы ұшақ апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" ҚР Бас көлік прокуратурасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Ақмола облысы аумағында әуе-химиялық жұмыстар жүргізу кезінде АН-2 ұшағының апатқа ұшырауына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы бойынша («Теміржол, әуе және су көліктерін пайдалану ережелерінің сақталмауы») қылмыстық іс қозғалды», - делінген көлік прокуратурасының мәліметінде.

Ведомствоның хабарлауынша, көліктегі полиция департаментінің қызметкерлерінен жедел тексеру тобы құрылған.

«Әуе апатын тексеру барысы Бас көлік прокуратурасының бақылауында», - делінген ресми ақпаратта.

Еске сала кетейік, бүгін Ақмола облысында АН-2 ұшағы апатқа ұшырады. Салдарынан ұшқыш көз жұмып, екі экипаж мүшесі түрлі жарақатпен аурханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, экипаж мүшелерінің жағдайы өте ауыр.