#
#
Дүйсенбі 20/11/2017

Әбдіуақап Қара: Қазақ халқы қайткен күнде де өзге әліпбиге өтуі қажет еді

  • 30.10.2017
  • 1
  • 696

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың латынға негізделген 32 таңбадан тұратын жаңа қазақ әліппесін қабылдағаны жөнінде жаңалықты естіп қуанып отырмын. Бұл қазақ тілі мен ұлттық мәдениеттің өркендеуі жөнінде басылған үлкен қадам. Өйткені, кирилл әріптері славян текті халықтардың төл таңбалары. Оларға жарасады. Қазақ халқы славян текті болмағандықтан, ол әліпбиден ұлттық немесе халықаралық басқа бір әліпби жүйесіне қайткен күнде де өтуі қажет еді.

Осы орайда қай әліпбиді таңдау дұрыс еді? 7-8 ғасырлардағы Түрік қағанаты қолданған руникалық төл әліппе ме, 10 ғасырлардан 20 ғасырға дейін ұзақ уақыт қолданған араб әліппесі ме, әлде техникаға икемді және туысқан түркі елдерінің басым көпшілігі қолданып жатқан латын әліпбиі ме? Міне, бұл мәселе Қазақстан 1991 жылда тәуелсіздігін қолына алғалы бері талқыланып келді. Ақыр соңында 2017 жылы, 26 қазан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеге соңғы нүктені қойып, Қазақстанның 2025 жылға дейін толық өтетін латын әліпбиі жүйесін белгілеп, әлемге жария етті.

Біз қабылданған әліпби жүйесіне қарап шықтық. Мұның компютер пернетақтасындағы таңбалармен шектелгені байқалуда. Пернетақтада болмаған, бірақ қазақ тіліндегі бар дыбыстар кейбір әріптердің оң жақ шекесіне үтір (дәйекше) қою арқылы белгіленіпті. Сонда қабылданған жүйенің тілші ғалымдар көптеп айтып жүрген әр дыбысқа, бір әріп қағидасына негізделмегені байқалады. Екінші жақтан мұның, бұдан алдын ұсыныс етілген қосарланған әріп (диграф) жүйесінен жақсы екенін айта аламыз. Бірақ, қазақ тілінде, пернетақтада болмаған дауысты дыбыстарды бейнелейтін әріптердің көбірек қолданылғанын ескергенде, бұл жүйенің қазақ мәтіндерін күрделендіріп жіберетіні ақиқат.

Біздің бұл әріп жүйесінде байқаған басқа маңызды бір проблеме баршылық. Ол қазақтың тілдік дыбыстары ішінде болмаған, бірақ кирил әріп жүйесінде орын алған және орыс емлесіндегі оқылуымен шатастырылып келген екі әріпке де латын баламасының қойылғаны. Біздіңше әсіресе осы екі әріп кейін үлкен қиыншылық туғызатын сыяқты. Қазірдің өзіңде кирилмен жазылған қазақ сөздерінің латынға қате транкрипцияланып келген ол екі әріп: “и” және “у”. Оларға жаңа әліппе жүйесінде 11 және 31 нөмірлі осы екі әріпке былайша балама берілген: и – i’, у – y’.

“И” әрпі орыс алфавитінде “і” ретінде дыбысталады. Ал қазақ әліппесінде болса ii’, яғни iй  немесе yi’, яғни ый ретінде оқылады. Мәселен, “киім” латынға орыс әліпбиі бойынша “kііm”, қазақ әліпбиі бойынша “kii’im”, яғни “кійім” деп транскрипцияланғаны дұрыс. Бірақ қазіргі қолданыста ол орыс емлесі бойынша “kііm” деп қате жазылып жүр. Біздің ойымызша бұл әріптің жаңа латын әліпбиінде болмағаны жақсы еді. Өйткені “і” әрпі мен “й” әрпі бұл қызметті атқарады. Бұл әліппенің ең үлкен кемшілігі i’ әрпіне екі балама беріліпті: 1- и әрпі; 2- й әрпі. Мұның біріншісіне қажет жоқ еді. Сонда бұл әріп тек й әрпінің баламасы болып қана қалса игі еді.

“У” әріпі орыс тілінде, қазақ тілінде де бар. Бірақ екеуінде екі түрлі оқылатынын көп адам байқамай, латынға транкрипция жасағанда орыс тілінің әсерімен кетеді. Мәселен Ақтау сөзін “Aktau” деп жазады. Өйткені орыс тілінде бұл әріптің латын баламасы “u” яғни “ұ” әрпі. Қазақ кирилінде латындағы “u” әрпіне балама басқа әріп бар: “ұ”. Қазақ тілінде “у” әрпі, орын алған сөздеріне байланысты үш түрлі дыбысталады: “в”, “ұв” және “үв”.

Мисалға “Уақап” деген атты алайық. Орыс емлесімен ол “Uaqap”, яғни “Ұақап” деп жазылады. Қазақ тілі бойынша ол “Vaqap”, яғни “Вақап” деп жазылуға тиіс. “Тау” сөзі орыс емлесі бойынша “tau”, яғни “таұ” деп жазылса қазақшада “tav”, яғни “тав” деп жазылуға тиіс. Сол секілде “бару”, “келу” деген сөздер орыс емлесінде “baru”  (барұ), “kelu” (келұ) деп жазылғанмен қазақша дыбысталуы бойынша “baruv”, “kelu’v”, яғни “барұв”, “келүв” деп жазылуға тиіс. Негізінде “у” әрпіне балама қоюға керек жоқ. Бұл әріп болмаса да болады. Өйткені “v” әрпі мен “u” әрпі бар. Сонда қазақ тіліне 31 таңбалық латын әліпбиі жеткілікті болады деген ойдамыз.

Енді сөз соңында көш жүре түзеледі дейміз. Ең бастысы Қазақстан латында қай жүйеге өтетінін белгіледі. Бұл маңызды қадам. Жасалған алфавитке түзету енгізілмейді деген қағида жоқ. Сондықтан қолданыста пайда болып жатқан қиыншылықтар немесе басқа қолайсыздықтарға кейін түзету енгізуге болады. Бүгінгі таңда латынға өту жайында нақты қадам басылғаны аса маңызды. Қазақстанның жаңа әліпбиі құтты болсын, ағайын!

Әбдіуақап Қара,

Тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры

1 пікір

  • ШӘКІРТТЕРІЖұма, 03.11.2017

    ҒАЛЫМ ШӘКІРТТЕРІ 2017-11-03 15:35:35
    Иә-ә, - еш түсінбестен... тек пендешілікпен , надандықпен пікір жазғыш - Серік - Жазғышбек - Есімім - кісіліктен безгендер... мынау ҒҰЛАМА жазған пікірді түсіне оқып... кісілікке келгендерің жөн. Мен - ҰСТАЗЫМНЫҢ шәкірті ретінде - бір ақиқат шындықты... иісі Қазақ жұртына айтпақпын ?! ОЛ АҚИҚАТ - қадірлі ұстазым, сегіз қырлы - бір сырлы Совет-Хан-ғұламадай... Ұлтын -Халқын - Отанын - жан-дүниесімен сүйетін... бір де бір Ғалымды да... Жазушыны да... Ақсақалды да... білмеймін !!!. Қазіргі Сәкеңнің - Жастар арасындағы қызыметі - Фейсбукте жазылған әр пікірі - ғылыми мақалалары мен монграфиялары және роман-повестері - түгелдей ҰЛТЫМЫЗДЫҢ алтын қазынасы, - десе болады. Бүкіл Қазақ жастарына... жаппай оқыңдар, - деп өтініш айтамын ?!!..

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар