Фото: Kaz.inform.kz
Германияда із-түссіз жоғалып кеткен қазақстандық Айгүл Сайлыбаеваның денесі табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" BILD агенттігіне сілтеме жасап.
Бұған дейін бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаева Германияда із-түссіз жоғалып кеткенін болатын. Ол Бенсхайм қаласында күйеуі, қызы және енесімен бірге тұрған. 4 маусым күні таңертең Сайлыбаева қызын балабақшаға алып кеткен. Содан бері оны ешкім көрмеген.
Жексенбі күні оның денесі қала шетіндегі Эрлаче карьерінен табылды. Мәйіт полиэтилен пакетте болған. Әйел өлтірілмес бұрын зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Қазір Сайлыбаеваның өлімін 35 тергеуші тексеріп жатыр. Әйелдің үйіне тінту жүргізілді.
"Германия қылмыстық полициясының Қазақстан Республикасының Франкфурттағы бас консулдығына берген ақпаратына сәйкес, 16 маусымда Бенсхайм қаласының маңында әйелдің мәйіті табылды. Криминалистер сот-медициналық сараптама жүргізіп жатыр. Өз кезегінде, полицияның ауызша алдын ала берген ақпаратына сәйкес, сыртқы белгілері бойынша мәйіт Қазақстан азаматы Айгүл Сайлыбаева деп танылды. Қазір марқұмның туыстары Германияда және оларға барлық қажет консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр. Бұл іс туралы өзге ақпарат тергеу мүдделері үшін жарияланбайды", – делінген сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.
Сайлыбаевамен бір уақытта оның 49 жастағы қайын енесі Наталья Донцова да жоғалып кеткен. Ол 4 маусым күні немересін балабақшадан алып, үйіне әкелгеннен кейін жоғалып кеткен. Баланың өзі аман, қазір туыстарының қамқорлығына берілген.
Қазір Наталья Донцованы іздестіру жалғасып жатыр.
Бұған дейін Германияда тұратын қазақстандық әйел із-түссіз жоғалып кеткені туралы хабарланған. Әйелдің бауырының айтуынша, әйелді күйеуі мен енесі ұрып-соғып келген.