28 там, 2024 сағат 11:04

Жұмысшылар айлықсыз қалды: Алматыда балалар үйірмесін ашқан бизнесмендер кәсібін тоқтатуға мәжбүр

Фото: inbusiness.kz

Алматыда "Даму бала" бағдарламасы арқылы секция мен үйірме ашқан кәсіпкерлер тиісті қаражат уақытында түспегендіктен уақытында жабылуға мәжбүр екенін айтты.

31-арнаның Информбюро бағдарламасының хабарлауынша, кәсіпкерлер әкімдіктен бөлінетін қаражаттың тым кеш берілетінін айтады. Ал кейінгі айларды тіпті ақша түспеген. Спорттық үйірмелерге қатысатын 200-ге жуық бала бұған дейін "Даму бала" бағдарламасымен тегін жаттығып келген. Алайда кейінгі уақытта қаражат бөлінбей кәсіп иелері шарасыз күйге тап болды. Үйірмелер өтетін ғимарат жабылып, жұмысшылар айлықсыз қалды. 

"Мемлекет бізге бөлінген ақшаны уақытымен беру керек. Мұндай жоба болмаса, бастама бастардың алдында бюджетті дұрыстап есептеу керек. Мен бүйтіп едім, былай екен деген сылтаулар айтылмауы керек. Енді мен жап-жаңа ремонт күйімен қайтадан сол залды бұзып қазір далада жүрміз. Балаларымызға паркте, далада жаттығу жасатып жатырмыз", – дейді "Даму бала" бағдарламасына қатысушы Айдар Шәрібаев.


Ал Алматы қалалық жеткізушілер қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Наталья Мягкихтің айтуынша, спорттық және шығармашылық секциялардың біразы еңбектеріне сай төлемдерін ала алмай жүр.

"Қала әкімдігінің тарапынан мамыр және маусым айының төленбеген қаражаты бар. Ал шілде айының есеп қағазы тіпті қаралып та жатқан жоқ. Шаһардағы жеткізушілердің басым бөлігі ала алмай отыр. Мұндай жағдай алғаш рет емес. Сондықтан балаларға бөлінген ақшаның уақытында берілуін талап етеміз", – дейді ол.


Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев өз кезегінде "Даму бала" бағдарламасына тиісті мөлшерде қаражат бөлініп жатқанын айтады. Бұл үшін қала бюджетінен биыл 16,5 миллиард теңге бөлінген. Бұдан бөлек жұмысты жақсарту үшін жаңа қызмет көрсетушілерді де тарту жоспарда барын айтты. Сәйкесінше, әкімдіктің кәсіпкерлер алдында еш борышы жоқ. 

"2023 жылы және 2024 жылдың 7 айында әкімдік қызметтерге ақы төлеуді уақытылы жүргізді. Борыштық міндеттемелер жоқ. 2024 жылғы 16 тамыздағы жағдай бойынша жеткізушіде 71 белсенді ваучер бар. 104 ваучер мұрағатталған. Қызмет көрсетуші "Даму Бала" бағдарламасының жүйесінде қызмет көрсету мекенжайын өзгерту туралы көрсеткен жоқ. Бағдарламаны қаржыландыру ары қарай да жалғаса береді", – деп мәлімдеді әкімдік.