
Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселелері Жер реформасы жөніндегі комиссияның І отырысында айтылды. Осыған орай Бөкей ордасы ауданындағы «Береке» шаруа қожалығының басшысы Еркін Жабасов ой-толғамын былайша білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын Хан ордасы ауылдық округінде «Береке» қожалығын құрған шаруа бастапқыда қиындық көргенімен, қазіргі кезде осы өңірдегі іргелі шаруашылықтардың біріне айналып отыр.
Күні бүгін 11 мыңнан астам гектар жерді пайдаланып отырған қожалықта 1100-ден астам ірі қара, 300-дің үстінде жылқы бағылуда. Жыл бойына «Берекеде» 17-18 адам жұмыс істейді. Олардың арасында алты тракторды жүргізетін механизаторлар да бар.
Малды асылдандырумен бірге қысы-жазы жайып бағатын шаруа жердің қазіргі жай-күйіне аса алаңдаулы.
- Егер мал қысы-жазы бір жерде бағылса, ол маң азып кетеді. Ата-бабамыздың көшіп-қонып жүргені тегін емес. Кезінде Жәңгір ханның да тұяқты малды ордаға кіргізбей, құмның көшуіне тосқауыл қою үшін орман өсіргені тарихтан мәлім. Осы орайда өз ойың қандай?
- Иә, қазіргі таңда кейбір қожалықтар жазғы орынға көшпей, бір жерде отыра береді. Малдың тұяғы қоя ма, содан ол жер қу тақырға айналады. Сол секілді өз жерін қоршап, шөп егемін деушілер бар. Біздің жағдайымызда мұның да қисыны келмейді. Суармалы жер болса, бір жөн, жусан шықпайтын жерге шөп шыға ма? Қуаңшылық салдарынан өткен жылы гектарына 1 центнерден әзер алдық. Құмдағылар ештеңе емес, қазір қырдағы шаруашылықтар қыстан әрең шығуда.
Биыл өзім жазғы орынға көшкелі отырмын. Әйтсе де менің қасымдағы қожалықтар көшпесе, бұдан пайда болмай қалуы мүмкін. Өйткені мал жеріме кіріп кетіп, жеп қоюы әбден ықтимал. Ал егер жерді тыңайтсақ, Нарын құмында бір-екі жылда, қырда төр-бес жылда теңеліп, бұрынғы қалпына келеді. Мұның себебі құм жаңбырды сіңіріп алады да, шөп тез шығады. Ал қырда жаңбыр суы сіңбегеннен кейін бу болып ұшып кетеді.
Екінші мәселе – жердің нормативке сәйкес, дұрыс бөлінуі. 30 мың гектардай жерді алып алғандар бар, бірақ малы 500 бастан аспайды. Сондай-ақ әскери полигонға берілген аудан меншігіндегі жерде көршілес Атырау облысы Құрманғазы ауданы Сүйіндік, Балқұдық ауылдарының шаруалары қоныстанып, мал бағып отыр. Мұны да кейін қайтаруға, заңды негізде реттеуге болар еді.

- Биыл Бөкей сұлтанның Еділ-Жайық аралығына көшкеніне тура 220 жыл толды. Осы өңірдің табиғи байлығын келер ұрпақ үшін сақтап қалу аса маңызды. Бұл жөнінде не айтар едің?
- Жерімізді ғана емес, орман-суымызды болашақ ұрпаққа аманаттай алсақ, одан үлкен арман жоқ. Кеңес дәуірінде тарихи Бөкей ордасы жерінің едәуір бөлігі Капустин Яр әскери полигонына беріліп, соның зардабын ел әлі тартып келеді. Мысалы, ракеталар сыналған Хаки сорынан ұшқан тұз қазіргі таңда тіршілік атаулыға зиянын тигізуде. Айталық, отырғызылғанына 30-40 жылдай болған жас қарағайлар да құлап жатыр. Демек, олар қартайғаннан өліп жатқан жоқ. Мұның себебі ұшқан тұз қылқан жапырақты қарағайдың инесінің арасына кіріп, содан қайтып шықпай, қурауына әсер етеді деп ойлаймын. Сондықтан Хаки сорына Қопа арқылы өзінің табиғи арнасымен су жібермейінше, бұл мәселе шешіледі деп айту қиын. Оған қоса Әймекен жер асты су қорынан алынып жатқан ауыз суды орнымен, шашпашылдыққа салынбай, үнемдеп пайдалану көкейкесті мәселеге айналып отыр. Егер бұрын құмда 1-2 метрден су шығатын болса, қазір әлдеқайда тереңдеп кетті.
Соңғы жылдары киіктің көбеюі шаруа адамдарын алаңдатып отыр. Қазіргі таңда киіктер Бөкей ордасы ауданын мекендеуде. Сондықтан киіктерді үйреншікті жеріне, Қазталов, Жәнібек аудандарына қарай айдау мәселесін де естен шығаруға болмайды. Болашақта киіктер санын реттеп, арнайы резерватта ұстаса, шаруаларға да тиімді болар еді.
Тағы бір маңызды жайт, қасқыр екі-үш жылдан бері ауланған жоқ. Тіпті квота бойынша бір ауданға алты қасқыр атуға рұқсат етілген. Соның салдарынан жыл сайын құлындар жаманауызға жем болып жатады. Малшыларға мылтық бере алмаймыз, рұқсат жоқ. Бұл да өзекті мәселеге айналды.
Мемлекет басшы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында жерді тиімді пайдалану, еліміздің табиғи байлығын сақтау үшін ағаш егу, сондай-ақ шекаралық аймақтағы елді мекендерге баса көңіл бөлу керектігін атап өткені белгілі. Ендеше, бұған барша жұртшылық үлес қосуы керек деп ойлаймын. Жәңгір хан 1826 жылы іргесін қалаған Хан ордасы ауылында да орман шаруашылығы мекемесі бар. Қаржы бөлініп, ағаш та егіледі. Алайда бұл жеткіліксіз. Жас талдарға ұдайы күтім қажет. Ауданда кей елді мекендерді құм басып қалу қаупі төніп тұр. Хан ордасының өзінде тарихи мекеннің сәнін кетіріп тұрған ескі қоралар бар. Соларды бұзып, орнына тал-терек неге отырғызбасқа!?
Қорыта айтқанда, шекаралық аймақ саналатын Бөкей ордасы ауданында халықтың түпкілікті орнығып қалуы үшін қолға алатын шаруалар жеткілікті.
