10 сәу, 2021 сағат 07:58

Жер комиссиясы: 1942 жылғы құпия координаттар жүйесінен бас тарту қажет

Қазақстан жер қатынастарын басқаруда 1942 жылғы құпия координаттарды пайдаланып отыр. Жер реформасы жөніндегі комиссияның үшінші отырысында осындай мәселе көтерілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жер реформасы жөніндегі комиссияның экономикалық мәселелер жөніндегі жұмыс тобының басшысы Ақылбек Күрішбаев жер қатынастарын цифрландыруға кедергі келтіріп отырған басты тосқауылды атады. 

«1942 жылғы құпия координаттар жүйесін пайдаланудан бірыңғай координаттар жүйесіне ауысуымыз қажет. Бұл сұрақ жер қатынастарын цифрландырудың негізі болып табылады. Қазіргі таңда ТМД мемлекеттерінің ішінен аталған 1942 жылғы ескі кординаттар жүйесінде тек Түрікменстан мен Қазақстан ғана қалған. Яғни, бұл мәселеде біз қатты қалып отырмыз. Ұсыныс – жер ресурстарын басқаруда 1942 жылғы құпия координаттар жүйесінен бірыңғай координаттар жүйесін пайдалануға тезірек көшу», - деді жұмыс тобының басшысы. 

Жиында Ақылбек Күрішбаев халыққа жайылымдық жер беруде бюрократия өте көп екенін айтқан болатын.

Осы аптада Мәжіліс жерді шетелдіктерге беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын мақұлдады.