03 қаң, 2025 сағат 13:19

Жаңа жобалар мен цифрландыру: 2025 жылы Қазақстанда медицина қалай өзгереді

Фото: Pexels.com

Бұрын пилоттық режимде іске қосылған кейбір жобалар енді бүкіл ел аумағында қолжетімді болады, деп хабарлайды Ult.kz.

«Бір күндік клиника» жобасы

Алдымен тестілік форматта аймақтарда енгізілген бұл жоба қазір республика көлемінде қолжетімді. Негізгі мақсаты – жүкті әйелдерге заманауи пренаталды диагностика әдістерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл жоба арқылы бір күн ішінде туа біткен патологиялар немесе хромосомалық ауытқулар қаупін анықтауға мүмкіндік бар.

Электронды анықтамалар

Тағы бір маңызды өзгеріс – бірқатар медициналық құжаттарды электрондық форматқа көшіру. Жаңа жылдан бастап цифрлық түрде қолжетімді болады:

▪️ санитарлық кітапшалар;

▪️ еңбекке уақытша жарамсыздық парақтары (больничный);
▪️ медициналық анықтамалар;
▪️ баланың денсаулық паспорты;
▪️ қару ұстауға және көлік жүргізуге рұқсат алу үшін қажетті анықтамалар.

Сонымен қатар, Қазақстанда алғаш рет «Фетальды медицина» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба аз инвазивті процедуралар көмегімен ұрық патологияларын ерте анықтау мен емдеуге бағытталған. Жоба аясында 20 іштей операция жасалды.

Медициналық құжаттарды цифрлық форматқа көшіру

Бұл үшін денсаулық сақтау жүйесі eGov mobile қосымшасымен интеграцияланады. Азаматтар құжаттарды тікелей қосымша арқылы ұйымдарға жолдай алады, бұл уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.

Балаларды вакцинациялау туралы ақпараттандырылған келісім немесе бас тарту да электронды түрде рәсімделеді. Егер иммундаудан кейін асқынулар орын алса, дәрігерлер электрондық хабарлама жіберіп, шұғыл медициналық көмек көрсетуге міндетті болады.