05 қар, 2024 сағат 16:53

Жаңа заң: Дәрігерлердің қателігі үшін науқасқа ақы төленеді

Фото: Pexels.com

Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру туралы заң күшіне енді, деп хабарлайды Qazaqstan.tv.

Денсаулық сақтау субъектілері (медициналық ұйымдар және жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғалар) медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруға және бірыңғай сақтандыру пулымен сақтандыру шартын жасасуға міндетті. Сақтандыру шарты Medpul.kz электрондық ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылады.

Сақтандыру төлемдері дәрігерлердің байқаусызда жасаған кәсіби қателіктерінен зардап шеккен пациентке төленеді. Өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісін растау және сақтандыру төлемін алу үшін пациентке немесе оның жақын туыстарына (заңды өкілдеріне) денсаулық сақтау мекемесіне жүгіну қажет.

Медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісінің болу-болмауы туралы шешімді тәуелсіз сараптама комиссиясы қабылдайды. Оның құрамында сарапшылар, кәсіби медициналық қауымдастықтардың және бірыңғай сақтандыру пулына қатысушы сақтандыру ұйымының өкілдері ретінде тартылатын бейінді мамандар болады.