Қазақстан Коммунистік Халық партиясы (ҚКХП) ҚР Президенттігіне үміткер Жамбыл Ахметбековтың республикалық сайлауалды штабын таныстырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«ҚКХП Орталық комитетінің хатшысы, «Халық коммунистері» фракциясының жетекшісі, Парламент Мәжілісінің депутаты Айқын Қоңыров республикалық сайлауалды штаб жетекшісі болып бекітілді. Сайлауалды тұғырнамамызды халыққа жеткізу үшін ертеңнен бастап аймақтарға іссапарға шығамыз. Сайлауалды науқан кезінде партияның баспасөз қызметі үздіксіз жұмыс істейді. Баспасөз қызметін Назгүл Мақжан басқарады», - деді Жамбыл Ахмпетбеков журналистерге арналған брифингте.
Бұдан кейін ол республикалық сайлауалды штаб жетекшісіне сөз берді.
Республикалық сайлауалды штаб саяси сайысқа сақадай сай екенін тілге тиек еткен Айқын Қоңыров: «Республикалық сайлауалды штабтың барлық үгіт-насихат жұмысы «Адал еңбек қоғам мүддесі үшін!» деген ұранмен өтеді. Партияның сайлауалды тұғырнамасы дауыс берушілерге сайлауға қатысуға мол мүмкіндік береді, ал сайлаушылар ҚазақстанРеспубликасының Президенттігіне үміткер Жамбыл Ахметбековті қолдайды деп үміттенеміз», - деді.
Республикалық штаб жетекшісінің сөзінше, ҚР Президенттігіне үміткердің сайлауалды тұғырнамасы батыстың ықпалы мен жалған құндылықтарынан бас тартуды, барлық қашқын олигархтарды сотқа тартуды, кедейлікпен күресті, көрші елдермен экономикалық интеграцияны сонымен қатар әділетті салық салу жүйесін енгізуді темірқазық тұтады.
Өз кезегінде ҚКХП баспасөз қызметінің жетекшісі Назгүл Мақжан республикалық сайлауалды штабпен қатар облыстардағы аймақтық сайлауалды штабтар ашылғанын мәлімдеді.
«Қазақстан Коммунистік Халық партиясы қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі сайлауалды науқанды бастады. Жергілікті жерлердегі сайлауалды штабтар ашылып, сайлауалды науқанға қатысты жұмыстар басталып кетті», - деді.
Шара шеңберінде ҚКХП Орталық комитетінің хатшысы, «Халық коммунистері» фракциясының жетекшісі, Парламент Мәжілісінің депутаты, республикалық сайлауалды штаб жетекшісі А. Қоңыров ҚР Президенттігіне үміткер Ж.Ахметбековпен республикалық сайлауалды штабының жібек жібін кесті.
Іс барысында республикалық сайлауалды штабтың жанынан құрылған киіз үйде Жамбыл Ахметбеков тұсау кесу рәсімін өткізді.
ҚР Президенттігіне үміткер Дамир есімді бүлдіршіннің тұсауын кесіп, оған бата берді және Абай Құнанбаевтың «Қара сөздерін» сыйлады.
«Республикалық сайлауалды штабтың таныстырылымы қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келді. Бұған қоса ата-ананың өтініші бойынша іс барысында тұсау кесу рәсімі жасалды. Біз мұның барлығын жақсылыққа балап отырмыз», - деді Ж. Ахметбеков.
Айта кетейік, ҚКХП атынан Президенттікке үміткер Ж.Ахметбековтың аймақтардағы сайлауалды үгіт бағдарламасы Ақмола облысынан бастау алады. Аймақтардағы сайлауалды үгіт бағдарламасы барысында үміткер кәсіпорындарда болып, жұмыс ұжымдарымен кездесу өткізеді.