Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов вакцина салдыру мен ПТР-тест тапсыру міндеті азаматтардың конституциялық құқығын бұзбайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Күні кеше коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қызмет көрсету саласында, өнеркәсіп кәсіпорындарында және өзге де 20 адамнан асатын ұжымдарда вакцина салдыру талабын енгізуді ұсынды. Ал екпеден бас тартқандар 7 күн сайын ПТР-тест тапсыруға міндетті болады. Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысынан кейін осы талаптар заңды күшіне енеді.
«Міндетті вакциналау туралы сіз ұсынған шаралар іс жүзінде вакцина алмағандарды кемсітушілікке әкеп соғады деген пікір бар. Бұған не дейсіз? Бұл вакциналау паспорттары мен ПТР-тест нәтижелерін қолдан жасауды арттырады деп есептемейсіз бе?», - деп сұрақ қойды журналист ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.
Осы орайда, Ералы Тоғжанов Конституциялық құқық еш бұзылмағанын атап өтті.
«Бірінші кезекте, Конституция бойынша біз азаматтарымыздың денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Сондықтан қабылданған мұндай шаралар барлық азаматтарға емес, қызмет көрсету саласына, күн сайын көптеген азаматтармен байланысатын адамдарға қатысты. Дәл осы санаттағы адамдар көрсетілетін қызметке келетін азаматтарымызға үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Бір жағынан – жұмысты тоқтатпау «Атамекеннің», кәсіпкерлердің өтініші еді, біз қол ұшын создық. Сондықтан осындай шешім қабылданды», - деді Тоғжанов.
Ералы Тоғжанов медициналық қарсы көрсетілімдерді қоспағанда, адамдарға таңдау еркіндігі берілетінін айтты.
«Мен өзім конституциялық құқықтарды бұзуды көріп отырған жоқпын. Біз таңдау ұсынып отырмыз. Егер адам вакцинадан бас тартса, онда ПТР-тестілеуден өтуі керек. Біз Үндістандағы, сондай-ақ көрші елдердегі жағдайды ескере отырып, қауіпке, үлкен қатерге жол бере алмаймыз. Біз азаматтарымыздың денсаулығына қауіп төндіре алмаймыз», - дейді Тоғжанов.
Премьер-министрдің орынбасары халықты вакцина салдыруға үндеді. Республика бойынша екпенің 2,4 миллион дозасы бар. Екі аптаның ішінде тағы екі миллион вакцина жеткізіледі.
«Бұл – ерікті шара. Бірақ жаңа қауіп-қатерлерді ескере отырып, қосымша шараларды қабылдауға тура келді», - деді Тоғжанов.
Оның сөзіне қарағанда, коронавирусқа қарсы вакцина бар. Бірақ екпе салу шаралары баяу жүргізіліп жатыр. Ендігі мақсат – күніне 70 мың адамға вакцина егу.
