17 қаң, 2024 сағат 13:55

Вице-министр жер астына түсіп кеткен автобусты іздестіру барысы жайлы айтты

Фото: ҚР ТЖМ

Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов Павлодар облысындағы "Майқайың алтын" АҚ аумағында жер астына түсіп кеткен автобусты іздеу операциясы туралы айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

"Ондағы жағдай өте күрделі, ауыр, мамандар жерді зерттеп, автобустың шамамен қай жерде орналасқанын анықтады. Бұл құрылғы ол жерде шынымен металл бар екенін көрсетеді, бірақ, өкінішке қарай, автобустан кейін де бос орын бар. Онда құтқарушылар өте қиын жағдайда жұмыс істеп жатыр. Біріншіден, бұл, әрине, нөлден төмен температура. Екіншіден, құтқарушылар мен жұмысшылардың өз өмірі мен денсаулығына қауіп бар. Егер, Құдай сақтасын, топырақ жылжыса, адамдарды тартып кетуі мүмкін", - деді ол.

Вице-министр құтқарушылар автобустың астында қанша бос орын барын білмейтінін, бұл құтқару жұмыстарын одан әрі қиындатып жатқанын атап өтті.

"Әрине, ол жерде барлық қауіпсіздік шарасы сақталған, бүгінде автобус жатқан жердің бүйірінен техника түсіруге мүмкіндік туды. Қазірдің өзінде 2 мың текше метрден аса топырақ шығарылды, кеше ғана бес текше метрлік экскаваторды түсірдік және ол дәл автобустың үстінде жатқан топырақты ақырын шығара бастады" - деді Сыздықов.

Сондай-ақ журналистер министрдің орынбасарынан ведомствоның қандай болжамы бар екенін сұрады.

"Жақсы болжам бар. Бірақ күні мен уақытын айта алмаймыз, өйткені жағдай өте қиын, операция бірегей.

Біз барлық басқа елдің тәжірибесін зерттедік, шынын айту керек, мұндайды еш жерден кездестірген жоқпыз. Бұл бізде - Қазақстанда да бірінші рет", - деді түсіндірді ол.

Еске сала кетейік, қаңтар айының басында Павлодар облысында адамдар мінген автобус шахта маңында шұңқырға құлап кетті. Шұңқырдың тереңдігі 150 метрді құрайды. Көлікте төрт адам болған, кейін екі адамның мәйіті табылды. Автобустың өзін және тағы екі қызметкерді – жүргізуші мен құтқарушыны іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.