18 ақп, 2021 сағат 12:30

Вакциналар қалай сақталады – Басқарма жауабы

Елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова вакциналарды тасымалдау және сақтау ережелерін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, басқарма қоймасында бір уақытта 200 мыңға жуық вакцина дозасын сақтауға болатын төрт мұздатқыш қондырғы бар. 

«Вакцинаның өзі СҚ-Фармация хабынан авторефрижераторларда минус 18-20 градуста жеткізіледі. Жеткізудің барлық кезеңдерінде суық температура сақталады. Әрі қарай, осы вакциналарды барлық стандарттарға сәйкес қоймаға қабылдаймыз. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына вакцина термоконтейнерлерде жеткізіледі, оларда термотіркегіштер немесе термоиндикаторлар болады. Солар арқылы тасымалдаудың барлық кезеңдерінде температуралық режимнің сақталуын тексереміз», - деп түсіндірді спикер Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өткен онлайн брифирнгіде. 

Әрбір медициналық ұйымда вакцинаның сақталуы мен тасымалдануына жауап беретін, арнайы оқытудан өткен медицина қызметкері бекітілген. 

«Олар тәулігіне екі рет – таңертең және кешке тоңазытқыш жабдығының температурасын тексереді және мұның барлығы температураны есепке алу журналына жазылады. Егер термодатчиктер тасымалдау шарттары бұзылғанын анықтаса, нақты шаралар қабылданатын болады», - дейді Ә. Рүстемова.