25 мау, 2021 сағат 15:41

Үш жылда сотқа 50 іс түсті: Дәрігерлерді қаржылай, заңды қорғау нені білдіреді?


ҚР Денсаулық сақтау министрі медицина қызметкерлерінің қаржылай және заңды қорғалуы ұйғарымы нені білдіретінін, олардың құқықтары қалай қорғалатынын түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, медицина қызметкерлері адамның денсаулығына жеңіл-желпі зиян келтіргені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 80-82-баптарымен әкімшілік жауапкершілікке және Қылмыстық кодекстің 317-323-баптарымен қылмыстық жауапкершіліке тартылады. Оның ішінде құқық бұзушылықтың басым бөлігі медицина немесе фармацевтика қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде орындамауына байланысты кодекстің 317-бабына тура келеді», - деп атап өтеді министрлік. 

Ведомство мәліметінше, 2017-2020 жылдардың аралығында сотқа ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабымен 50 қылмыстық іс түсті. Оның 43-і қаралып,70 тұлғаға қатысты үкім шығарылды. 

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі қаралатын қылмыстық істердің басым бөлігі пациенттердің пайдасына шығарылатындығын атап өтеді. Яғни, медицина қызметкерлеріне айтарлықтай материалдық өтемақы төлеуіне тура келеді. Қылмыстық істердің көпшілігі хирургиялық араласу жасалатын, яғни үнемі өлім-жітім тәуекелі жоғары мамандықтарға тиесілі. Олар акушер-гинекологияда – 14, хирургияда – 14, травматологияда – 8 адам. Анестезиология мамандығында да өтемақы төлегендердің қатары көп. 

Жоғарыда аталған бап аясында зардап шеккендердің пайдасына шешілген моральдық және материалдық шығын өтемақысының көлемі 40 млн теңгеден асып жығылады Медицина қызеткерлерінің сақтандыру полисі болған жағдайда ғана сот шешімімен сақтандыру өтемақысы төленеді. Егер пациенттің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды бағалауды қарау қылмыстық жауапкершілікке өтетін болса, онда мұндай жағдайда сақтандыру төлемі берілмейді. Сондықтан сақтандыру төлемі өте сирек немесе сақтандыру жағдайының болмауына байланысты мүлдем төленбейді. 

Осылайша, медициналық оқиға орын алған жағдайда медицина қызметкері күрделі жәйтпен жалғыз өзі бетпе-бет қалады. Медицина қызметкерлерінің қазіргі жалақыларын ескерер болсақ, пациентке келген шығынды олардың өз бетінше өтеуі мүмкін емес. Дәл осы себеппен медицина қызметкерлерін заңды қорғау деген медицина қызметкерлерінің медициналық қызметті жүзеге асыруы барысындағы кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды енгізу дегенді білдіреді. 

«Қазіргі уақытта жүктелеген міндеттерді орындау үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеуде. Онда ҚР ҚК 317-бабын санкцияларды жеңілдету, сонымен қатар медицина қызметкерлерінің кәсіби жауакершілігін сақтандыруды енгізу арқылы ізгілендіру көзделеді. Содай-ақ аталған заң жобасында медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруды көздейтін ереже қарастырылады: әлеуметтік кепіл, лауазымды және өзге тұлғалардың тарапынан заңсыз араласудан қорғау, мамандыққа құрметпен қарау, ынталандырушы төлемдер беру арқылы «Қазақстан Республикасының құрметті дәрігері» атағын енгізу»,- деді министрліктен.