02 там, 2017 сағат 07:26

Ұлттық ұланның үш жүзге тарта жауынгері Әскери ант қабылдады

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Алматы қаласындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің жас сарбаздары салтанатты түрде Әскери ант қабылдады. Шара Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында сағат таңғы 10.00-де басталады. Шарада барлығы 300-ге тарта жас жауынгер ант береді.

Рәсімді ашқан 7552 әскери бөлімінің командирі подполковник Серік Нарымбеков жастардың жадында мәңгілік қалатын бүгінгі жиын жөнінде: «Құрметті сарбаздар, ант қабылдау - Отаныңа, халқыңа ақтық демің шыққанша адал болу, ел басына сын сағат түссе, онда мойымай көтеру, қажет болса, жан қию деген сөз. Сондықтан да елдің қорғаны атағына сай, антқа берік болыңыздар. Талай ғасыр халқының еркіндігін сыртқы жаулардан қорғаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батыр бабаларымыздың, кешегі фашизмнің отын өшірген абзал аталарымыздың аманаттаған Отанымыздың тәуелсіздігін қырағы күзетіңдер», - деп ақ тілегін арнады.

Жауынгерлердің ант қабылдау рәсіміне арнайы келген ата-аналар, ардагерлер де ізгі лебіздерін білдірді.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының ардагагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Геннадий Фалеев: «Ерлік атаулының  қайнары – Отанды сүю. Елін, жерін сүйген азаматтың иманы да берік. Бүгін Сіздер ант қабылдадыңыздар. Ол да Отанға деген сүйіспеншіліктің белгісі. Сондықтан да антқа, берген уәдеге берік, ержүрек болыңдар, - деп  жүрекжарды ықыласын айтты.   

«Кенже ұлымның бүгінгі ант қабылдау рәсіміне жанұямыз  - зайыбым, қызым және үлкен ұлым да келдік. Өйткені, ант беру рәсімі әскери өмірдегі маңызды қадам. Енді әр жас сарбаз Отан алдындағы жауапкершілігін түсінері сөзсіз. Әскери бөлім басшылығының әр қайсымызбен жүздесіп, көңіл бөлуі, жалпы жағдайларын көріп, көңіліміз көншіді», - деп ағынан жарылды оралдық Ғазы Мұсаев.

Сондай-ақ, сонау Екібастұздан келген Зайда Әбдірахманова: «Ұлдарымның барлығы әскерге барды. Ендігі кезек немерелерімде. Немеремнің тұңғышы осында борышын өтеуде. Оның бүгінгі ант беру рәсіміне әдейлеп келдім. Әлемді қарасақ, небір қантөгіс оқиғаларды көріп отырмыз. Еліміз Елбасының арқасында осы тыныштығынан жаңылмасын. Ұлыма ержүрек бол деймін», - деп ақ батасы арнады.      

Антты үстіміздегі жылдың көктемінде Отан алдында әскери мерзімді борышын өтеу үшін шақырылған сарбаздар қабылдады.

Ұлттық ұлан жайлы атап өтер болсақ, Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіздік алғаннан кейінгі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге жіті көңіл бөле отырып, егемендік декларациясы жарияланғаннан кейін небәрі 26 күннен кейін, яғни 1992 жылдың 10 қаңтарында мемлекетімізде алғашқы күш-қуат органы ретінде Ішкі әскерді құрған болатын. Сол кезден бастап кешегі Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұланның жеке құрамы алға қойылған тапсырмаларды лайықты түрде орындап, жеке адам мен азаматтың конституциялық құқығын, қауіпсіздігін, қоғам құндылықтарын, мемлекет тұрақтылығы мен тыныштығын қауіп-қатерлерден жан-жақты қорғау жолындағы жауапты қызметі абыроймен атқарып келеді Биыл Ұлттық ұланның құрылғанына 25 жыл толды.

Майор Арман ӘУБӘКІРОВ,

Алматы қаласы