30 қыр, 2017 сағат 13:02

Ұлттық ұланда қариялар құрметтелді

2017 жылғы қыркүйектің 30-ы күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында алдымызда келе жатқан айрықша мерекелердің бірі – Халықаралық қарттар күнін атап өтті.

Елбасы айтқандай, елдегі құрмет атаулы адамдардың бір біріне деген ілтипатынан, үлкен жастағы адамдарға, қария-қарттарға деген ізгіліктен тұрары анық. Үлкенге ізет көрсету халқымыздың бойында бар ең асыл қасиет.

1990 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қазанның 1-ін Халықаралық қарттар күні деп бекіткен болатын.Қазақстан Республикасының Конституциясында қарт адамдардың жалпы азаматтық және арнайы құқықтарын сақтау, оның ішінде жасы бойынша әлеуметтік қамтамасыздандырылу, денсаулығын сақтау, білікті, оның ішінде ақысыз құқықтық көмек алу құқығы кепілдендірілген.

Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында өтетін шараға оңтүстік астанамызда тұратын, әрі саналы ғұмырын ел қорғау қызметіне арнаған қазына қарияларымыз шақырылды. Олардың жасы ғасыр ғұмырға жақындағандарының арасында Ұлы Отан соғысында от кешкен майдангер ардагерлерімізде болды.

Қазіргі таңда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Ардагерлер кеңесінде 600-ден жүзден аса қария мүшелікте тұр. Олар өз кезегінде жас буынды патриоттық тәрбиеге баулуға өлшеусіз үлес қосып келеді.

Салтанатты шара барысында қарттарға құрмет көрсетіліп, сыйлықтар табысталды. Әрі 5571 әскери бөлімінің ән-би ансамблінің әзірлеген концерттік бағдарламасы көрермен назарына ұсынылды.