13 қыр, 2017 сағат 09:08

Ұлттық Ұланда «Елбасы сабақтары» атты жаңа жоба басталды

Биылғы оқу жылынан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланында жаңа жоба қолға алынды. Жастарды елдікке тәрбиелейтін патриоттық іс-шара «Елбасы сабақтары» деп аталады. 

Аталған сабақтар құқықтық тәртіп әскерлерінің республикадағы барлық құрылымдық әскери бөлімдерінде өткізілетін болады. Әскерге рух беруші тәрбиеші офицерлер Отан күзетінде жүрген жауынгерлерге, жалпы әскери ұжымның әр мүшесіне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясаты мен тәуелсіздік жылдары еліміздің жеткен  жетістіктері жайлы кең тұрғыда түсіндіріп, тәрбие сағаты ретінде дәріс өткізеді. Елбасы сабақтары әр түрлі тақырыптарды қамтыған. Мәселен,  «Елбасының Отан жайлы айтқандары», «Елбасының халықтар достығы мен бірлігі жайлы ұлағаттары», «Елбасының отбасы жайлы айтқандары», «Елбасының ел тарихы жайлы айтқандары», «Елбасының ұлттық қауіпсіздік жайлы байламдары» және тағы басқа Президентіміздің аса өзекті толғам-ойлары жауынгерлік ұжым мүшелерінің рухын көтеру мен шыңдауға жолбасшы тәрбие өзегі ретінде алынған.

Алғашқы сабақ Алматы қаласындағы Ұлттық Ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында тәрбиеші офицерлермен және әскери қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен өткізілді. Шымылдық ашар сабақтың тақырыбы: «Елбасының тіл туралы және ұлттық код жайлы айтқан толғамдары» деп аталды. Сабақ барысында қазақ тілінің латын әліпбиіне ауысу мәселелері, еліміздегі үштілділік саясаты мен қазақ тілінің ұлттық коды мен қазақ халқының мәдениетін сақтаудағы айрықша рөлі кеңінен айтылды.

Сондай-ақ, шара барысында Елбасының мемлекеттік тіл және шет тілдер жайлы айтқан ой-толғамдары басылған бейне-аудио жазбалар тыңдарман назарына ұсынылды.  

– Елбасы халқымыздың арқа сүйер алып тұлғасы, тау тұғыры. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы уақытқа дейінгі атқарып жатқан толағай істеріне баршамыз куәгерміз. Халқын шексіз сүйіп, елінің бір қажетіне жарасам деп тыным таппай жүрген өз ұлтының асыл перзенті, Елбасымыздың арқасында ширек ғасыр уақытының ішінде еліміз жарқын даму жолынан өтті. Кезінде арман болған игі істеріміз жүзеге асып отыр. Қазақ халқы өзге елдермен терезесі тең, керегесі кең тұрғыда дамып, өркендеп келеді. Бұл елдің маңдайына біткен бақ. Елбасының осы уақытқа дейін айтып келе жатқан ой-толғамдары үлкен тәрбиелік мәнге ие. Өздеріңіз білетіндей, Тұңғыш Президентіміз алуан тақырыптарда әр жиын, кеңестерде, өзінің жазған кітаптарында, мақалаларында үлкен келелі ойлар, елімізді жарқын болашаққа бастар бағдарларды көрсетіп келеді. Мәселен, тіл, шекара, ұлттық қауіпсіздік, ядролық қаруланудың адамзатқа қатері, ұлтаралық достық, Отан, туған жер, ұлт, тағы да көптеген тақырыптарда айтқан ойлары жеке азаматты да, ұжымдарды да тәрбиелеуге пайдаланылар тұнып тұрған қайнар көз. Міне, біз осыны ескеріп, ендігі кезекте Елбасының сөздерін дәйекке ала отырып, жеке құрамды тәрбиелемекпіз. Елбасының айтқан әр тақырыптағы ойлары бір, бір сағат болып жіктеліп, мамандарымызбен мұрағаттан алынған бейнежазбаларымен дәйектеліп, жеке құрамға ұсынылатын болады, – дейді  «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Сабыржан  Сүлейменов.

Жобаны ұйымдастырушылар, тәрбиелік-танымдық сабақтардың басты мақсаты – Отан қорғаушыларды елді сүюге, халыққа, Елбасына қалтқысыз қызмет етуге тәрбиелеу, әскери қызметшілердің қоғамдық-азаматтық өмірге белсенді араласуына септесу, тұлғалар бойында шешендік өнерді дамыту екенін айтады.

Арман ОКТЯБРЬ