1 шілде күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының алматылық 5571 әскери бөлімінің жас сарбаздарды Әскери ант қабылдады.
Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіздік алғаннан кейінгі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге жіті көңіл бөле отырып, егемендік декларациясы жарияланғаннан кейін небәрі 26 күннен соң мемлекетімізде алғашқы күш-қуат органы ретінде Ішкі әскерді құрған болатын. Міне, біздің жауынгерлік тарихымызда дәп сол 1992 жылғы 10 қаңтардан бастау алады. Сол кезден бастап кешегі Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұланның жеке құрамы алға қойылған тапсырмаларды лайықты түрде орындап, жеке адам мен азаматтың конституциялық құқығын, қауіпсіздігін, қоғам құндылықтарын, мемлекет тұрақтылығы мен тыныштығын қауіп-қатерлерден жан-жақтықорғау жолындағы жауапты қызметті абыроймен атқарып келеді. 2017 жылғы 10 қаңтарда Ұлттық ұланның құрылғанына 25 жыл толды.
Алдағы еліміздің елдік мерекесі – Астана күніне орай орайластырылып өткізілген шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов, өзара іс-қимыл жасайтын органдардың, Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімшілігінің жетекшілері, сондай-ақ дін өкілдері, ардагерлер мен оқушылар қауымы және сарбаздардың туған-туыстары қатысты. Әскери антты 460-тан аса жас сарбаз қабылдады.
Жиналған қауым алдында құттықтау сөз сөйлеген генерал-майор Мұхаметқали Сатов: "Ант қабылдау - Отаныңа, халқыңа ақтық демің шыққанша адал болу, ел басына сын сағат түссе, онда мойымай көтеру, қажет болса, жан қию деген сөз. Ант – адалдық рухы. Халқымыз «Анттан аттағаны – ардан аттағаны», - дейді. Яғни, адамзат нормаларының қалыптасқан шегі ар болса, оны бұзу опасыздыққа жатады. Талай ғасыр халқының еркіндігін сыртқы жаулардан қорғаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батыр бабаларымыздың, кешегі фашизмнің отын өшірген майдангер аталарымыздың аманаттаған Отанымыздың тәуелсіздігін қырағы күзету - ең ұлық қызмет. Сондықтанда берген анттарыңа әрдайым адал болыңдар", - деп атап өтті.