
«Жұртқа жақын полиция» қағидатын іске асыру шеңберінде Маңғыстау облысында полицияның 49 тірек пункті салынады. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өңірге жұмыс сапары барысында мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыс әкімі Серікбай Тұрымовпен кездесу барысында ІІМ басшысы құқық бұзушылықтың алдын алуда учаскелік инспекторлар жұмысының маңызы зор екенін атап өтті. Сондықтан облыста учаскелік пунктер желісін құру қолға алынған. Осы жылдың аяғына дейін өңірде осындай 14 пункт салынады.
Еліміздің бас полицейі Полиция департаментінің өңірдегі бірқатар нысанын аралады. Олардың қатарында Ақтау қаласының жағалауында орналасқан «Каспий» модульдік стационарлық бекеті бар. Бейнекамералардың көмегімен бұл бекет жағалау аймағын толық бақылауды жүзеге асырады және тәулік бойы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта Ақтау қаласында 127 камера жұмыс істейді және жақын арада тағы 600 камера орнату жоспарлануда.
Сонымен қатар, министр құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі еріктілердің рөлін ерекше атап өтті. Өңірде мыңнан астам адам полицияға өз еркімен көмектесуде. Олар жоғалған адамдарды іздеуге, рейдтік және алдын алу іс-шараларын жүргізуге қатысады. Учаскелік және патрульдік қызметкерлерімен бірге олар құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ерлан Тұрғымбаев еріктілердің белсенді азаматтық ұстанымын жоғары бағалап, ынтымақтастық үшін алғысын білдірді.

ІІМ басшысы сондай-ақ Маңғыстау облысындағы полиция мұражайында болып, ішкі істер органдарының ардагерлерімен кездесу өткізді. Олардың бастамалары мен ұсыныстарын тыңдады. Ардагерлер учаскелік инспекторларға өз еріктерімен көмектесуге ниет білдіріп, әрбір тірек пунктіне өздерін бір-бірден бекітуді ұсынды.

Полиция нысандарын аралау кезінде Ерлан Тұрғымбаев ел басшылығының құқық қорғау органдарын реформалау жөніндегі тапсырмаларының орындалуын барысын тексерді, сондай-ақ өңірдегі полиция қызметінің 2021 жылға арналған басым бағыттарын айқындады.
Айта кетейік, кеше ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жұмыс сапарымен Атырау облысында болған еді.



