10 нау, 2021 сағат 09:13

ТЖМ: Жолда қар құрсауында қалған 64 көлік шығарылып, 125 адам құтқарылды

9 наурызда еліміздің автожолдарында ауа райының нашарлауына байланысты ТЖМ аумақтық бөлімшелері қар құрсауынан 64 техниканы шығарып, 125 адамды құтқарып, эвакуациялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ТЖМ ахуалдық орталығында Республикалық жедел штаб жұмыс істейді. Осындай штабтар Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан ж»не Қостанай облыстарында жұмыс істейді. 

10 наурызда «Қазгидромет» мәліметі бойынша 7 өңірде (Ақмола, Ақтөбе, БҚО, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында) дауылды ескерту жарияланды. 

Қазіргі уақытта ауа райының нашарлауына байланысты (боран, қар, нашар көріну, көктайғақ) 6 өңірде республикалық автожолдардың 12 учаскесі және 51 облыстық маңызы бар учаскесі жабылды, бұл Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында. 

Батыс Қазақстан облысындағы бекеттерде 253 жүк және жеңіл автокөлік тұр. 

Шұғыл жұмыстарға ТЖМ, ІІМ, жол қызметтерінен, ЖАО барлығы 423 адам және 301 техника жұмылдырылды. 

Халықты ескерту мақсатында ауа райына қатысты 15 SMS хабарлама таратылды, «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы 17 хабарлама жіберілді. Уақытылы ақпараттық-психологиялық көмек көрсету үшін өңірлерде «Жедел байланыс желісі» істейді.