Фото: freepik.com
2024 жылдың 21 желтоқсанында 10 жастағы бала футболшылар тобының құрамында Алматы-Анталия ұшағымен КС 915 рейсімен футбол лагеріне кеткен. Түркияға келгеннен кейін бала төлқұжатының жоқ екенін байқаған. Бұл туралы заңгер Данилхан Шағатаев мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
- Тіркеуден өту, қол-жүктерін тексеру және ұшаққа отырғызу кезінде баланың мойнына арнайы сөмкеге салынған барлық қажетті құжаттары болған. Түркияға жеткен кезде бала өзінің халықаралық төлқұжатының жоғалып кеткенін біліп, бұл туралы Air Astana қызметкеріне хабарлаған, бірақ төлқұжат табылмаған,- деп жазды ол.
Нәтижесінде төлқұжаты жоқ бала Түркияда паспорттық шекаралық бақылаудан өте алмай, бала екі күн бойы, яғни 21 желтоқсанынан 23 желтоқсанына дейін әуе компаниясының өкілдерінсіз депортация бөлмесінде жалғыз болғаны да айтылады.
Ал, Air Astana әуекомпаниясы жолаушыларды тасымалдаудың халықаралық нормаларын қатаң сақтайтынын жеткізді. Балаларды алып жүру қызметі заңды өкілден баланы қабылдауды, ұшу кезінде оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және ұшып келген кезде заңды өкілге беруді қамтиды. Бұл ретте құжаттар мен жеке заттар үшін жолаушының өзі жауапты.
- БАҚ-та жарияланған оқиғаға байланысты әуекомпания Анталия әуежайындағы төлқұжат бақылауында бір топ балалармен жүрген баланың төлқұжатының жоқ болғаны анықталған. Рейске ресімдеу кезінде құжат жолаушыда болды, бұл бейнежазбамен расталады. Әуекомпания қызметкерлері төлқұжатты өз бетімен іздеді, бірақ, өкінішке орай, құжат табылмады. Әуекомпания ҚР консулдығын болған оқиға туралы жедел хабардар етті, - деп атап өтті әуе компаниядан.
Сондай-ақ Air Astana әуекомпаниясы депортациялау туралы шешімді сол елдің көші-қон қызметі қабылдайтынын мәлімдеді.
- Сондай-ақ, баланы ұстау шарттарын Түркияның көші-қон қызметі белгілейді. Өз тарапынан әуекомпания баланы үш реттік тамақпен және психологиялық қолдаумен қамтамасыз етті және жағдайды тез арада шешу үшін ҚР консулдығымен және Түркияның көші-қон қызметімен тұрақты байланыста болды. Бұл жағдайда әуекомпания көші-қон қызметінің ұйғарымын орындауға міндетті және ол орындалды: бала Қазақстанға тікелей рейспен қайтарылды. Бұл үшін ережеге сәйкес оның кері билеті пайдаланылды, - деп түсіндірді Air Astana әуекомпаниясының баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Орал қаласының қос тұрғыны, егіздер – Зәуре мен Зере Америкадағы тіл мектебінен Астана арқылы кері ұшып шыққанын, елордаға аман жеткен қос жасөспірімнің бірі Астана - Орал бағытында ұшқан «FlyArystan» әуекомпаниясының ұшағынан қалып қойғанын жазған болатынбыз.