16 сәу, 2021 сағат 13:13

Түркістанның тарихи көшелері қайта жанданады - министр

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Түркістан қаласындағы сәулет жобалары туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында қаланың бірегей сәулет элементтері мен бірегей ерекшеліктерін сақтай отырып, Түркістанның тарихи орталығын қайта жаңғырту бойынша белсенді жұмыс жалғасып жатыр. Реставрация, реконструкция және археологиялық зерттеулер бойынша барлық жүргізілетін жұмыстар халықаралық сарапшылардың және ЮНЕСКО сияқты беделді ұйымдардың ұсынымдарына сәйкес жүргізіліп келеді. Тарихи мәліметтер негізінде, сондай-ақ, еліміздің танымал ғалымдарын тарта отырып, басты нысаны – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі болып табылатын Әзірет Сұлтан музей-қорығының әрбір нысанын дамытудың тұжырымдамалық жоспары әзірленді. Осылайша қолданыстағы материалдарды барынша сақтай отырып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бас күмбезі жаңартылды», - деді ведомство басшысы. 

Ол, сондай-ақ қазақ хандарының ресми қабылдауы өткізілген Үлкен Ақ сарай залы сол заманның ұлттық нақышында реновацияланғанын еске салды. 

«Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Жеті ата қақпасының арасынан магистральді көше қайта құрылып, кейіннен қолөнер дүкендері мен шеберханаларын, қалпына келтіру арқылы тарихи көшені жандандыру жоспарлануда. Ғылыми қалпына келтіру жұмыстарымен қатар кесене аумағын абаттандыру бойынша жоба іске асырылуда», - деді Ақтоты Райымқұлова.