
Отандық әуе компаниялары Түркістан қаласының әуежайынан халықаралық рейстер ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegramканалына сілтеме жасап.
2021 жылдың наурыз айында «Эйр Астана» әуе компаниясы Түркістан мен Ыстанбұл қалалары арасында аптасына 7 рейс жасауды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, «SCAT» әуе компаниясы Түркістан – Ыстанбұл бағытында аптасына 2 рейс орындай бастайды.
ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті жүргізген жұмыстың қорытындысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 19 ақпандағы № 79 қаулысымен Түркістан қаласының әуежайына халықаралық әуежай мәртебесі берілді.
Қазіргі уақытта Түркістан мен Ыстанбұл қалалары арасында рейстер ашуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Түркістан қаласы әуежайының құрылысы 2020 жылдың күзінде аяқталды. Бұл әуежайға алғашқы тұрақты рейс 2020 жылдың 1 желтоқсанында жасалды.
