26 қаз, 2021 сағат 10:33

Цой коронавирустың таралуы бойынша болжамын айтты


Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алдағы 3 айға арналған коронавирус инфекциясына қатысты эпидемиологиялық ахуал болжамын жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Қараша айында оптимистік сценарий бойынша күніне орташа есеппен 1,5 мың науқас тіркеледі, шынайы ахуал бойынша – 1650, пессимистік болжам бойынша 1800 адам коронавирусқа шалдығуы мүмкін. Желтоқсан айында көрсеткіштер сәйкесінше – 1,1 мың, 1,6 мың және 2350-ге өзгеруі ықтимал. Ал қаңтар айында 650, 1,5 және 3 мың науқас тіркеледі деп болжаймыз.

... Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірге коронавирус инфекциясы бойынша алдын алу және эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асырып, мониторинг жүргізуін жалғастырып жатыр" деді министр Алексей Цой Үкімет отырысы кезінде. 

Қазір күніне шамамен 1,3-1,5 мың науқас тіркеліп жүр. Жазда індет ушыққан кезде күніне тіркелген науқастар 8 мыңға дейін жеткен. Билік індеттің ушығуын коронавирустың дельта вариантымен байланыстырған. 

Қазір Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар азайғанмен адам өлімі көрсеткіші әлі де жоғары. Күніне ондаған адам коронавирустан қайтыс болып жатыр. Екі күн бұрын Қазақстанда 42 адам коронавирус пен "пневмониядан" көз жұмды. 25 қазанда 1353 адамның анализінен коронавирус анықталды. 24 қазанда 10 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған.

Індет басталғалы бері коронавирус пен "пневмонияға" шалдыққандар 1 миллионнан асты.