17 мам, 2024 сағат 12:00

"Тоқалыңа чемодан сатып ал, бәйбішеге - тегін": сауда үйінің жарнамасы жұрттың ашуына тиді


"Тоқалыңа чемодан сатып ал, бәйбішеге - тегін" дәл осындай жарнама мәтінімен танымал сауда ойын-сауық орталығы келушілер арасында байқау ұйымдастырмақ болған. Алайда жарнама әлеуметтік желіге жарияланғаннан кейін қазақстандық қолданушылар арасында дау тудырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Көзін құртыңдар! Қоғам алдында жауап беріңдер. Біреуге бұл ауыр тақырып. Этика тұрғысынан жауап бересіңдер", "Қай маркетологтың идеясы екен?", "Заңды бұзды. Біз өркениетті елде өмір сүріп жатырмыз, ал біздің мемлекетімізде қарым-қатынасты рәсімдеген азаматтардың бұрынғы некелерін бұзбай жаңа отбасын құруға құқығы жоқ", "Неге осыған жол бересіздер? Отбасы құндылықтарын жою үшін бе?", – деп желі қолданушылары ренішін айтты.


Келеңсіз мәселеге қатысты Алматы әкімдігі өкілдері жауап берді.

"Қала құрылысы және урбанистика бөлімінің мәліметіне сай, жоғарыда аталған мекенжай бойынша сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру кезінде басқармаға сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру туралы хабарлама жіберілмеген", – деп жауап берді Алматы әкімдігінің өкілі. 


Алайда Grand Park сауда орталығының әкімшілігі мәселеге еш жауап қатпады. Дегенмен, байқау туралы жазбаны парақшасынан өшіріп тастаған.

 Ал бүгін әйел істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілі Назым Жанғазинова «Тоқал» туралы жарнама жасаған Алматыдағы Grand Park ойын-сауық орталығының әкімшілігі жазаға тартылатын айтты. Оларға 100 АЕК (369 200 теңге) дейін айыппұл салынады.

«Тоқал» құбылысын насихаттайтын және дәстүрлі отбасылық құндылықтарға қайшы келетін жарнаманы жасауға болмайды. Оның жолын ерте кесу керек. Жарнаманы алып тастады. Grand Park ойын-сауық орталығының әкімшілігі ҚР ӘҚБтК 505-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады», — деп жазды Назым Жанғазинова.