Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесі аясында Президент Трамп атындағы арнайы награда тағайындауды ұсынды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Кеңестің алғашқы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Президенттің айтуынша, Таяу Шығыста орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін бейбітшілік пен ынтымақтастықты, өзара сенімді нығайтатын жаңа тәсілдер қажет.
– Осы ұстанымға сүйене отырып, Қазақстан Ибраһим келісімдеріне қосылу жөнінде шешім қабылдады. Бұл қадам аймақта және одан тыс жерлерде прагматикалық экономикалық әрі гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді және Бейбітшілік кеңесінің мақсаттарына толық сәйкес келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент Қазақстан түрлі деңгейдегі кездесулер өткізу арқылы Кеңестің бастамаларына нақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады.
– Сонымен қатар Бейбітшілік кеңесі аясында Президент Трамп атындағы арнайы награданы бекітуді ұсынамын. Бұл – оның бейбітшілікті ілгерілету ісіндегі жетістіктеріне көрсетілген құрмет болмақ. Сіздің көреген басшылығыңызбен Кеңес өзінің тарихи миссиясын абыроймен атқаратынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Дональд Трамп Газадағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және қалпына келтіру ісіне атсалысқаны үшін Кеңестің алғашқы отырысына қатысушыларға ризашылығын білдірді.
АҚШ Президенті Қазақстанды «керемет әрі бай мемлекет» деп сипаттап, саммитке жиналған ел басшыларын жаһандық ауқымдағы көшбасшылар ретінде атады. Оның айтуынша, олар шешімді әрекеттері арқылы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға және халықаралық диалогты дамытуға елеулі үлес қосып келеді.
Жоғары деңгейдегі іс-шара барысында Бейбітшілік кеңесінің атқарушы органдарының мүшелері баяндама жасады. Қатысушыларға Газа секторын қалпына келтіру жоспары, соның ішінде инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халықаралық қаржыландыру тетіктері таныстырылды.
Жоғарғы атқарушы кеңестің мүшесі Джаред Кушнер Газаны дамытуға арналған бас жоспар туралы баяндап, аймақ заманауи әрі экономикалық өрлеуге қолайлы кеңістікке айналуы тиіс екенін айтты.
Ал Аджай Банга Бейбітшілік кеңесінің қаржы механизмдері ашықтық пен қаражатты нақты мақсаттарға бағыттау қағидаттарына негізделетінін жеткізді.
Халықаралық тұрақтандыру күштерінің жетекшісі Джаспер Джефферс Газадағы қауіпсіздік шаралары туралы мәлімдеді.
Сондай-ақ Газаны басқару жөніндегі ұлттық комитеттің басшысы Али Шаат қайта қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру және халықаралық серіктестермен ықпалдастық жолдарын ұсынды.
