ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабқа келіп, қызметкерлермен, активистермен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Nur Otan» партиясы Орталық аппаратының ғимаратында «Жұмысты ұйымдастыру орталығы», «Жоспарлау, сараптау, және мониторинг орталығы», «Қаржылық қолдау орталығы», «Құқықтық сараптау орталығы», «Логистика және материалдық қамтамасыз ету орталығы», «Баспасөз орталығы» және республикалық қоғамдық штабтың «TimeQazaqstan» жастар қанатының жұмыстарымен танысты.
Жалпы республикалық қоғамдық штабқа 190 адам кірген, оның 30-ы «TimeQazaqstan» жастар қанатының мүшесі. Жалпы ел аумағында 17 аймақтық, 210 қалалық және аудандық қоғамдық штаб жұмыс істеп, онда 6 мыңға жуық адам қызмет көрсететін болады. Кандидаттың 19 500 сенімді өкілі анықталған.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа сайлауалды науқанның үгіт-насихат жұмыстарының басталғаны жөнінде жан жақты ақпарат берілді.
ҚР Президенттігіне кандидат республикалық және аймақтық қоғамдық штаб басшыларымен және мүшелерімен кеңес өткізді.
Жиынның ашылуындағы сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды науқанның маңыздылығына тоқталып, сайлау - Қазақстанның дамуындағы жаңа кезеңге жол ашатынын атап өтті.
Сайлауалды кезеңде штабтар мен партияның барлық ұйымдастырушылық әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін айтып, бірқатар басымдықтарды анықтап берді.
– Біздің сайлауалды бағдарламамыз сабақтастық, әділдік және өрлеу деген негізгі үш қағидаға табан тірейді. Өйткені Елбасы саясатының сабақтастығы ғана еліміздің қарқынды дамуын қамтамасыз етеді. Азаматтар үшін ең маңыздысы – әл-ауқаттың артуы. Біздің экономикалық жетістіктерімізді әр қазақстандық сезінуі тиіс. Бұл – әділдіктің белгісі. Сондықтан алдымызға нақты мақсаттар қойып отырмыз. Оған қол жеткізу үшін біз үздіксіз дамып, үнемі өрлеп, өркендеуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды науқан кезеңін және сайлауды ашық әрі әділ өткізу үшін қолданыстағы заңнамалардың талаптары қатаң сақталуы қажет екеніне баса назар аударды.
– «Nur Otan» партиясы ашық сайлау өткізуді және демократиялық талаптардың қатаң сақталуын қалайды. Ел үшін таза, ашық, әділ сайлаудың өткені аса маңызды, - деді ҚР Президенттігіне кандидат.
Кеңесте республикалық қоғамдық штабтың басшысы, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа электоралды науқан кезіндегі штабтың жұмысы жайында баяндап берді. Оның айтуынша, еліміздің барлық аймақтарында 227 қоғамдық штаб жұмыс істейді. Ондағы барлық іс-шаралар Қазақстанның сайлау туралы заңнамаларына сәйкес, арнайы жүйелік кестелерге және электоралды науқанның медиа-жоспарына негізделген.
Жиын барысында Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының сайлауалды штабының жетекшілері бейнебайланыс арқылы дайындықтары туралы баяндады.
Сондай ақ, республикалық штаб мүшелері: «Қарулы Күштердің ардагерлері» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Мұхтар Алтынбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, штабтың жастар қанатының мүшесі, көркем гимнастикадан әлемдік сайыстарда топ жарған белгілі спортшы Анна Алябьевалар сөз сөйледі.
Республикалық қоғамдық штаб мүшелері 13 мамырдан бастап еліміздің барлық өңірлерін аралап, халықпен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Ол жиындарда кандидаттың сайлауалды бағдарламасының басты қағидалары мен халық үшін өзекті мәселелер талқыланбақ.