28 қаз, 2021 сағат 14:04

Тоқаев: "Алтын Орда тарихы қазіргі қазақ мемлекеттілігінің жылнамасымен тығыз байланысты"


Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Атырауда өтіп жатқан «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның қатысушыларына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды, атты деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Баршаңызды «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық конференцияның ашылуымен құттықтаймын.

Бұл алқалы жиын тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі белесіне орай өткізілуде. Алтын Орданың тарихы қазіргі қазақ мемлекеттілігінің жылнамасымен тығыз байланысты. Әйгілі Жошы хан кесенесі мен Сарайшық қаласының Қазақстан аумағында орналасуы және шетел мұрағаттарынан көптеген жазба деректердің табылуы – осының айқын дәлелі.

Шын мәнінде, Алтын Орданың тарихы әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Түрлі себептерге байланысты төл шежіреміздің осы бірнеше ғасырлық кезеңі назардан тыс қалды», - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Сондай-ақ, Президент еліміз егемендігін алғаннан кейін ғана бұл олқылықтың орнын толтыруға жол ашылғанын еске салды.

«Елбасының бастамасымен қолға алынған ауқымды бағдарламалар жұртымыздың тарихи санасын жаңғыртуға зор үлес қосты. Санмыңжылдық шежіреміздегі сабақтастық жалғасын тауып, ұлттық рухымыз биіктей түсті.

Біз Алтын Орда дәуірінен жеткен құнды жәдігерлерді дүние жүзіне танытып, оны туризм саласын дамыту үшін тиімді пайдалануымыз керек. Жайық жағасындағы және Ұлытау баурайындағы көне ескерткіштер мен заманауи кешендер бұған толық мүмкіндік береді. 

Тарихын түгендеп, одан тағылым ала білген елдің тамыры берік болады.

Алтын Орда көптеген бауырлас елдердің тағдырында да айрықша із қалдырған. Сондықтан халықаралық ғылыми қауымдастықтың алдында ортақ шежіремізді бірлесе зерттеу міндеті тұр.      

Бүгінгі басқосуда ғалымдарымыз тың деректер мен салмақты ой-пікірлерін ортаға салады деп сенемін.    

Конференция жұмысына табыс тілеймін!», - деп жазылған құттықтау хатта.