23 мау, 2021 сағат 17:50

Тоғжанов: Вакциналау санын арттыру талаптары күшейеді


Қазақстанда вакциналау қарқыны көңіл көншітпей отыр және вакциналау санын арттыру талаптары күшейеді. Бұл туралы Премьер-Министр орынбасары Ералы Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметінде айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Вакциналау бойынша еш мәселе көріп отырған жоқпын. Қазір біз азаматтарымызға вакцина алуға жағдай жасауымыз керек. Қажетті вакцина көлемі Қазақстанда бар. Алғашында мұны ерікті түрде деп жариялаған едік. Бірақ, жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, қосымша шаралар қабылдауға мәжбүр болдық», - деді Ералы Тоғжанов. 

Спикердің айтуынша, елімізде 2,4 млн доза вакцина бар және оған қосымша тағы 2 млн вакцина жеткізіледі. 

«Біздің басты міндетіміз – азаматтарға вакцина алуды қолжетімді ету. Қазіргі уақытта Қазақстанда 2,4 млн доза вакцина қоры бар. Оған қосымша екі аптада тағы 2 млн вакцина жеткізуді қамтамасыз етеміз. 

Шындығында, вакциналау қарқыны көңіл көншітпей отыр. Мұны бәріңіз жақсы білесіз. Бұл бірқатар облыс пен Нұр-Сұлтан қаласына қатысты. Сондықтан вакциналау санын арттыру талаптары күшейеді, тәулігіне 70 мың дозаға дейін жеткізу міндетін қойып отырмыз. Осы межеге ұмтылатын боламыз», - деді Ералы Тоғжанов.