Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған сауалында кәсіпкерлерге қатысты «мониторингтік топтардың» қызметі бойынша мәселені көтерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Өткен жылдың 18 қарашасы мен 2 желтоқсанындағы сауалдарда біз олардың рейдтерін заңға сәйкес келмейді деп санап, шағын және орта бизнестің заңды құқықтарын қорғауын талап еттік. Сонымен қатар, эпидемиологиялық бақылау тек толық қамтылған кезде ғана тиімді. Ал жеке нысандарды (тек өздері білетін себептер бойынша) айналып өту арқылы бұл топтар кейде пандемияға, індеттің таралуына тосқауыл қоюдың орнына, көбіне есеп беру және бопсалаумен айналысады. Мәселен, «Ақ жолға» көмекке жүгінген теміртаулық кәсіпкер шағын дүкенінің бір айда 18 рет «мониторшылардың» тексеруінен өткенін хабарлады! Мұндай мысалдар аз емес. Мұндай әрекеттермен мониторинг топтары пандемиядан аман қалған кәсіпкерлерге ғана емес, қоғамдағы тыныштыққа қауіп төндіреді деп санаймыз», - деді Перуашев.
Оның пайымынша, еліміздегі шағын және орта бизнес күрделі жағдайға тап болып отыр.
«Ақ жол» фракциясы Алматы облысының Текелі қаласында болған оқиғаларға байланысты осы тақырыпқа қайта оралуға мәжбүр. Онда базарда көкөніс сататын төрт кішкентай бүлдіршіннің анасы, кәсіпкер Дина Қашқанованы полиция мен әкімдіктен келген практиканттардан тұратын топ төмен түсірілген маскамен суретке түсіріп алған. Яғни оның бетінде маска болған, бірақ кәсіпкердің мұрнын жаппаған. Осының негізінде әйелге 670 мың теңге айыппұл салынды, алайда оның күнделікті кірісі 5 мың теңгені құрайды. Айыппұлды төлеу үшін адам алты ай жұмыс істеуі керек, сонда осы уақыт ішінде оның тамақ ішпеуі, пәтер ақысын төлемеуі, балаларды тамақтандырмауы және киінбеуі керек», - деді депутат.
Осы орайда А. Перуашев мына ұсыныстарды жариялады:
- мониторингтік топтарды құқықтық реттеу туралы 2020 жылғы 2 желтоқсандағы біздің сауалымызда қойылған ұсыныстарға қайта оралу және жалпы алғанда олардың орынсыздығы туралы мәселені қайта қарау;
- жеке тұлғалардың кез келген әкімшілік айыппұлдарын азаматтардың жеке табыстарына байланыстыруды енгізу, мұндай айыппұлдың сомасы нақты адамның айлық жалақысының немесе нақты жеке кәсіпкердің пайдасының 2-3%-ынан, ең көбі 5%-ынан аспауға тиіс.
