23 мам, 2024 сағат 13:13

Танымал блогер кәмелетке толмаған баласына 30 АЕК алимент төлеуге міндеттелді

Сурет: Otyrar.kz

Алматыда сот шешімімен танымал блогер кәмелетке толмаған баласына 30 АЕК тұрақты сомада алимент төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы соттарына сілтеме жасап. 

Іс Алматы қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған.

С. баланың әкесі Ж.-ның танымал блогер бола тұра, басқа да табыстары болса да, алимент төлемейтіндігі туралы уәж келтіріп, балаға 20 000 теңге мөлшерінде ақшалай сомада алимент өндіру туралы талап қоюмен жүгінген. Сот анықтағандай, бұрын сот шешімімен Ж.-ның кәмелетке толмаған баласы А-ға қатысты әке болуы белгіленіп, оның тапқан табысының және (өзге) табысының төрттен бір бөлігі мөлшерінде алимент өндірілген.

Соттың хабарламасына сүйенсек, іс барысында баланың әкесі Ж., жалақысы 70 000 теңге көлемін құрайтыны туралы анықтама ұсынған. Осы орайда банк анықтамаларынан Ж.-ның есепшотында қомақты қаражаты бар екені, қымбат зат сатып алатыны, туризм және демалыс мақсатында республикадан тыс жерлерге жиі шығатыны анықталған.

"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодекстің 141-бабына сәйкес ата-аналар арасында кәмелетке толмаған балалар үшін алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда және алимент өндіріп алғанға барабар жағдайларда ата-ананың табысы және (немесе) өзге де табысы мүмкін болмаса, қиын немесе тараптардың бірінің мүдделерін елеулі түрде бұзса, сот ай сайын белгіленген ақшалай сомада немесе бір мезгілде өндіріп алынатын алимент мөлшерін анықтауға құқылы.

Мұндай жағдайларға тұрақты емес, өзгермелі табысы және (немесе) өзге де кірісі бар ата-анадан немесе ата-ана жалақыны және (немесе) өзге де кірісті толық немесе ішінара заттай алатын ата-аналардан алимент өндіріп алу жатады.

"Сот іс бойынша анықталған мән-жайларды, оның ішінде жауапкердің басқа да кірістерін ескере келе, баланың мүддесін ескере отырып, жауапкер Ж.-дан талап қоюшы С.-ның пайдасына 30 АЕК тұрақты сомада алимент өндіру туралы шешім қабылдады", - делінген хабарламада.


Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.