Фото: ІІМ
Батыс Қазақстан облысында полицияның заңды талабына бағынбаған бірнеше азамат ұсталды.
Әлеуметтік желілерде Ақсай қаласында түсірілген бейнежазба тарады. Кадрларда бір топ азамат полиция қызметкерлерінің талабын елемей, агрессивті әрекет жасағаны көрінеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Полицияның мәліметінше, оқиға 29 наурыз күні таңғы сағат 05:00 шамасында болған. Қызметкерлер мас күйде жүрген ер адамға қатысты шара қабылдау үшін шақыртумен барған.
Тексеру кезінде оның жанындағы таныстары дөрекі мінез көрсетіп, полицияның заңды әрекеттеріне кедергі келтіргені анықталған.
Мас күйдегі азамат 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ал полицияға қарсылық көрсеткен өзге адамдарға қатысты қылмыстық іс қозғалып, олардың барлығы ұсталған.
Ведомство өкілдері полиция қызметкерлеріне қысым көрсету мен заңды талаптарды орындамау әрекеттері қатаң түрде тоқтатылатынын мәлімдеді.
