12 нау, 2021 сағат 21:57

Сүндет Байғожин басшылық қызметтен кетті

Осыдан жарты жыл бұрын Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының бастығы болып тағайындалған Сүндет Байғожин өз еркімен қызметінен кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Өткен жылдың қыркүйек айында туған жеріне келген Сүндет Байғожин Қостанайдағы облыстық филармонияны басқарды. Бүгін «Астана Операның» бұрынғы солисінің бұл қызметтен өз еркімен кеткендігі белгілі болды. 

Айта кетейік, жуықта әлеуметтік желілерде және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында С.Байғожиннің кетуіне филармония ұжымының кейбір мүшелерімен ортақ тіл таппауы себеп болуы мүмкін деген жазбалар мен материалдар жариялана бастаған еді. 

Осыған байланысты облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов арнайы өткізілген брифинг барысында мәлімдеме жасады. 

«Сүндет Әбдірахманұлы - Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де танымал тұлға. Ол өте дарынды, беделді және тәжірибелі адам. Оның бұл қасиеттері және кәсіби шеберлігі қоғам тарапынан әрқашан жоғары бағаланып келеді. Әлбетте, С.Байғожиннің жұмыстан шығуына не түрткі болғандығы туралы сантүрлі ой туындауы мүмкін. Бірақ осындай танымал адамды арыз жаздыруға ешкім мәжбүрлей алмайтындығы анық. Екіншіден, оның шығармашылықпен айналысатынын ұмытпаған жөн. Қазірдің өзінде ол елордадағы телевизиялық жобаның түсіріліміне қатысуда», - деді ол. 

12 наурызда филормония ұжымының бір топ өкілі «Сүндет Байғожинді қайтарыңыздар» деп жазылған плакаттармен мекеме алдына шыққан. Сондай-ақ облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке ұжымдық үндеу жазылғандығы белгілі болды. Е.Қалмақовтың айтуынша, бұл үндеу қолданыстағы заңнама аясында қаралалады.