Сурет: ашық дереккөзден
Бүгінгі үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев су тасқынынан зардап шеккен үш өңірдегі 3,5 мыңнан астам оқушы аралық және қорытынды емтихан тапсырмайтынын айтты.
Олардың қатарында Атырау, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарының білім алушылары бар. Оқушылардың қорытынды бағасы жылдық бағалары негізінде шығарылады.
"Су тасқынынан зардап шеккен және ауа райының қолайсыздығына байланысты қыс мезгілінде қашықтан оқыған 2622 мектептің 832 мың оқушысы үшін 27-31 мамыр аралығында "Жазғы мектеп" жұмысы ұйымдастырылады. Жазғы мектепті ұйымдастырудың негізгі мақсаты – оқушы біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру арқылы білім сапасын арттыруға бағытталған", - деді оқу-ағарту министрі.
Айта кетейік, биыл 3,8 млн оқушы кезекті оқу жылын аяқтайды. 9 және 11-сынып бітірушілер үшін қорытынды емтихан 29 мамыр-11 маусым аралығында өтеді.
Сондай-ақ, биыл алғаш рет 5-8, 10-сыныптарда қазақ тілін меңгеруді бағалау мақсатында қазақ тілінде және басқа тілде оқытатын мектептердің білім алушылары үшін аралық емтихандар өткізіледі.
Ғани Бейсембаев сонымен қатар су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі 3800-ден астам бала сауықтыру орталығына жіберілетінін мәлімдеді.
"Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі балалардың демалысы ерекше назарда. Бүгінгі күні 628 бала демалып жатыр. Алдағы уақытта 3 883 бала сауықтыру орталықтарына жолданады", - деді оқу-ағарту министрі үкіметтің бүгінгі отырысында.
Сонымен бірге, "Қазақстан халқына" қорының қолдауымен 20 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алды.
Оның ішінде су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің оқушыларына, халықтың әлеуметтік осал топтарынан және көп балалы отбасынан шыққан ауыл балаларына басымдық беріледі.
Биыл еліміздегі 10 мыңнан астам демалыс орнында 3 млн-ға жуық бала жазғы демалысын өткізеді.
Министрдің айтуынша, жазғы демалысты мазмұнды ұйымдастыру мақсатында 120 мың ұйымдастырушы-педагог арнайы дайындықтан өткен. Оған қосымша 12 мыңнан астам студент пен еріктілер тартылады.