08 сәу, 2021 сағат 10:28

Су тасқыны: СҚО-да құтқарушылар тобы ауылдарға аттанды

Солтүстік Қазақстан облысында төтенше жағдайлар департаментінің мамандарынан құралған арнайы топтар су басу қаупі бар елді мекендерге аттанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

СҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардан құралған топтар су тасқыны кезінде жергілікті атқарушы органдарға көмек көрсетеді. Мамандар өтімділігі жоғары арнайы автокөлікпен, мотопомпалармен және моторлы қайықтармен жарақталған. 

Топ су тасқыны болған жағдайда адамдарды құтқарып, эвакуациялайды, шағын өзендерде мұзды кесіп, жарады. Су тасқыны жағдайын бақылап, мониторинг жүргізеді.

«Департаменттің жиынтық жасағының бөлімшелері Ғ.Мүсірепов және облыстың Айыртау аудандарына жіберілді. Олар су басу қаупі бар елді мекендерді қорғауды қамтамасыз етеді. Мамандар қойылған міндетті орындап, халыққа осы табиғи құбылысты зардапсыз өткізуге пәрменді көмек көрсететініне сенімдімін», - дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов.

Оның айтуынша, топтардың құрамында 40 адам бар. Олар 8 техникамен, 6 мотопомпамен және 4 қайықпен, заманауи байланыс құралдарымен жабдықталған.

Құтқарушылар Айыртау ауданының Гусаковка және Константиновка ауылдарында және Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Рузаевка, Чистополье елді мекендерінде уақытша орналасты. Сол жерде жеке құрам су қоймаларын тексеріп, алда атқаратын жұмыстарын жоспарлауға кірісіп кетті.