11 нау, 2021 сағат 14:30

«Спутник V» вакцинасын әзірлеушілердің бірі қазақстандық оқушылармен кездесті

Коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасын әзірлеушілердің бірі, биология ғылымдарының кандидаты Ілияс Есмағамбетов Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларымен және ұстаздарымен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ілияс Есмағамбетов – биотехнолог, молекулярлық биолог, Ресейдегі Н. Ф. Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығының қыметкері, коронавирусқа қарсы әлемде алғаш тіркелген вакцинаны әзірлеушілер қатарында.

«Ғылым ұдайы дамуды қажет етеді: жаңа әдістерді игеру, әдебиеттерді оқу», – деді жас ғалым онлайн-кездесуде.

НЗМ баспасөз қызметінің мәліметінше, биолог сондай-ақ вакцинаның ағзаға әсері туралы айтып берді. 

«Әдетте, екпенің бірінші компоненті енгізілгеннен кейін 38° дейін температураның көтерілуі, дененің ауырсынуы, бас ауруы мүмкін. Бұл – ресми ақпарат және құпия болған да емес. Бұдан бөлек ешқандай елеулі белгілер байқалған емес, меніңше, алдағы уақытта да болмайды», – деп жауап берді Ілияс Есмағамбетов көпшілікті толғандырған сұраққа. 

«Егілу қажет пе, жоқ па?» деген бүгінгінің басты сауалының да жауабы берілді. Ғалымның айтуынша, бұл – әрбір адам өзі жеке қабылдайтын шешім. Дегенмен, вакцинацияның басты міндеті адамды арашалау ғана емес, аурудың өзгелерге таралуын болдырмау екендігін атап өтті.