
Солтүстік Қазақстан облысында 1 ақпаннан бері 990 адам коронавирусқа қарсы вакцина алды, екпе егілгендердің жағдайы жақсы, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жалпы тәжірибе дәрігері Денис Бресьтің коронавирусқа қарсы екпе алғанына бүгін алтыншы күн.
Петропавлдағы № 1 емхананың мобильді топ құрамында жұмыс істейтін медициналық қызметкерге екпе алғашқы лекпен салынды.
Сөзіне қарағанда, қазір жағдайы жақсы, күнделікті жұмысын атқарып жүр.
«3 ақпан күні вакцина алдым. Сол күні кешке дене қызуым 37 градусқа дейін көтерілді. Кәдімгі парацетамолды ішкеннен кейін температура түсті. Таңертең тұрғанда ыстығым болған жоқ, бірақ өзімді әлсіз сезіндім. Инъекция салған жер ауырыңқырады. Ал түске қарай мұның бәрі басылып, ағзамда басқа өзгеріс болған жоқ», - дейді дәрігер.
Денис Бресь өткен жылдың сәуір айынан коронавирус жұқтырған сырқаттармен жұмыс істеп келеді.
Бастапқыда емханада фильтрде отырып, науқастарды қабылдады. Ал маусым айынан бері мобильді топ құрамында.
«Таңертең шақыртулармен кетеміз, түскі асымызды ішкеннен кейін қайта жұмысымызды жалғастырамыз. Коронавирустың жеңіл түрін жұқтырып, үйінде ем алып жатқандар да біздің бақылауымызда.
Сақтанғандықтан шығар, әрі сәттілік жолдас болды ма - бұған дейін қауіпті вирусты жұқтырған жоқпын. Бірақ бел ортасында жүргендіктен ерте ме, кеш пе ауыруым мүмкін. Сол себепті вакцина қойдыруға шешім қабылдадым. КВИ-ді жұқтырған жағдайда да екпеден кейін ол жеңіл өтеді, иммунитет қалыптасады», - дейді медицина қызметкері.
Жалпы СҚО-ға 1 ақпан күні КВИ-ге қарсы 1200 доза вакцина жеткізілген еді.
СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінге дейін 990 адам вакцина алып үлгерді.
Олар негізінен коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлері.
