23 ақп, 2021 сағат 15:41

Солтүстік Қазақстан облысында бұрқасын соғып тұр

Солтүстік Қазақстан облысында 23 ақпанда күн райы бұзылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Таңертеңнен жел тұрып, боран соқты. 11:30-да аймақтағы барлық жол жабылды. Түске таман айтарлықтай күшейді. 

«Облыс бойынша бұрқасын соғып тұр. Тайынша ауданында желдің жылдамдығы секундына 32 метрге, Петропавлда секундына 25 метрге жетеді. Циклон оңтүстік-батыстан келді. Ертең циклон шығысқа қарай жылжиды және жел басылады. Арктикалық антициклон тыл жағына ауысады. Бұл ауа температурасының төмендеуіне әкеледі», – деді «Қазгидромет» РМК филиалы директорының орынбасары Наталия Левина. 

24 ақпанда өңірде бұрқасын болады. Солтүстік-шығыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 15-20 метр, кей жерлерде секундына 23-28 метр, ұйытқуы секундына 30 метрге жетеді. Ауа температурасы күндіз 17-22 градус аяз, түнде минус 20-25 градус. 

25 ақпанда кей жерлерде жаяу бұрқасын, қар жауады. Солтүстік-батыстан 9-14 метр жылдамдықпен жел соғады, кей жерлерде секундына 15-20 метр жылдамдықпен соғады. Күндіз минус 23-28 градусқа дейін суытады, түнде – 30-35 аяз болады. 

26 ақпанда ауа райы жауын-шашынсыз, солтүстік-батыстан секундына 9-14 метр жылдамдықпен жел соғады. Ауа температурасының күндіз минус 23-28 градусқа дейін, түнде 33-38 градусқа дейін төмендеуі болжануда.