16 сәу, 2021 сағат 08:38

СҚО-дағы 4 ауданда құтырма ауруы тіркелді

Солтүстік Қазақстан облысындағы Ақжар, Жамбыл, Ғ. Мүсірепов атындағы және М.Жұмабаев аудандарында құтырма ауруы тіркелді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

СҚО ветеринария басқармасының мәліметінше, құтырма М.Жұмабаев ауданындағы «Куломзино» және Ақжар ауданындағы «Ақерке» шаруа қожалықтарында, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақстанның 15 жылдығы ауылында, Жамбыл ауданындағы Қарақамыс елді мекенінде анықталған. Осыған орай қазір шектеу шаралары қолға алынбақ. 

Мамандардың айтуынша, ауыл шаруашылығы және үй жануарларына құтырма ауруы негізінен жабайы жыртқыш аңдардан жұғады. Соңғы кезде елді мекендерге қорек іздеп түлкі, қарсақ, жанат тәріздес иттер жиі кіретін болған. Жыртқыштардан қауіпті вирус қапқан кезде сілекей арқылы жұғады. Құтырма ауруының таралуына осы себеп болуы мүмкін. 

Бұған дейін Тимирязев ауданындағы «Атамекен Агро Тимирязево» ЖШС бір сиырдың құтырманы жұқтырып, шаруашылыққа шектеу шараларының енгізілгенін айтқан едік. 

Ақпан айында Мамлют ауданындағы Меңгесер ауылында анықталды. 

Қазір құтырма ауруының ошақтарында тиісті іс-шаралар қолға алынды. Ветеринарлардың айтуынша, елдімекендердегі барлық үй жануарларына вирустың алдын алу мақсатында вакцина егіледі.