06 ақп, 2021 сағат 14:34

СҚО-да карантиндік шектеулер жеңілдетілуі мүмкін

Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны азайып келеді, өңір «қызыл аймақтан» шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өткен тәулікте облыста 62 адам қауіпті вирусты жұқтырса, 69-ы тәуір болды. КВИ жұқтырғандар саны күннен күнге азайып келеді. Елдегі эпидемиологиялық жағдайды бағалайтын матрица бойынша өңір «қызыл аймақтан» шықты.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов та жағдайды бақылауда ұстап отыр. Өңір басшысы қала әкімінің есептік кездесуінде эпидемиологиялық жағдай осылайша жалғасатын болса карантиндік шектеулердің жеңілдетілетінін айтты. 

«Бұл – дер кезінде қолға алынған шектеу шараларының нәтижесі. Сондай-ақ тұрғындардың тәртібінің арқасы. Егер жағдай осылайша жалғасатын болса, жақын арада шектеулерді жеңілдетеміз. Әзірге нақты уақытын айту мүмкін емес. Алайда жақында кей нысандардың демалыс күндері жұмыс істеуіне рұқсат беру мәселесі қаралады», - деді Құмар Ақсақалов. 

Қазір Петропавлда демалыс күндері көптеген нысандар жабық. Сондай-ақ сенбі-жексенбі қоғамдық көлік жүрмейді.

Жалпы СҚО-да COVID-19 жұқтырғандардың саны 11 305 адамға жетті, 10 696 адам сауықты. Қауіпті вирус жұқтырған 42 адам қайтыс болды.