08 ақп, 2025 сағат 13:54

СҚО-да блогерлер 7 жылға сотталды

Фото: Pixabay.com


Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлерді бопсалап келген екі блогерге сот үкімі шықты. Аталған істі облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилер алқасының қатысуымен қарады, деп хабарлайды СҚО сотының баспасөз қызметі.


Сотталушылар С. және П. сауда орталықтарындағы заң бұзушылық фактілерін анықтау бойынша тексерулер жүргізуді және әлеуметтік желілерде жарияламау үшін «Т» ЖШС директорынан ай сайын 200 мың теңге төлеуді талап еткен. 


ЖШС директоры И. іскерлік беделіне нұқсан келтіруі мүмкін деп есептеп, сотталушылардың талаптарымен келісе отырып, бес ай ішінде оларға 1 млн теңге сомасында ақша төлеген. 


Осыған ұқсас схема бойынша сотталушылар «M» ЖШС басқарушы директорынан 50 млн теңге сомасында ақша бопсалады. Ақшаның бір бөлігін қолма-қол беру кезінде айыпталушылардың бірі ұсталды. 


Сот сотталғандардың жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде олардың бұрын сотталмағандығын, С.-ның асырауында жас баласының барлығын ескерді. 


Сот алқабилер алқасының қатысуымен С. және П.-ның әрқайсысына 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.


«Т» ЖШС-нің азаматтық талабы қанағаттандырылды және сотталғандардан 1 млн теңге өндірілді. 


Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Естеріңізге салайық, кәсіпкерден 50 млн теңге ақша бопсалаған екі блогер 2023 жылы күзде ұсталды.