
Солтүстік Қазақстан облысында азық-түлік артылған жүк көлігі қолайсыз ауа райынан жол жиегіне шығып кетіп, аударылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Foton» жүк көлігі Шал ақын ауданы Сергеевка қаласындағы дүкендерге азық-түлік апара
жатқан. Жүргізуші қалың жауған қардан жолды байқай алмай, жиекке шығып кеткен. Жүк көлігі бір жағына аударылды. Көлікте экспедитор мен сауда өкілі болған. Ешкім зардап шеккен жоқ.
Патрульдік полиция экипажы аударылған жүк көлігін шығарып алу үшін жергілікті «Стимул» ЖШС көмекке жүгінген. ЖШС басшысы болса, бұл жолы да қар тазалайтын техниканы, жүк тиегішті және тартқышты жіберген.

«Foton»-ды жол жиегінен шығару үшін оны алдымен жүктен босатуға тура келді. Жүк көлігінің жүргізушісі алғысын білдіріп, жолын жалғады.
Ал Тайынша ауданында полицейлер Көкшетаудан Түменге бара жатып, жол жиегіне шығып кеткен «DAF» ауыр жүк көлігін шығаруға көмектесті.
«Патрульдік полицияның негізгі міндеті – жолда қалған жүргізушілерге көмектесу. Өңірдің ауа райы құбылмалы. Сол себепті жолда аса сақ болуға, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Жолдардың жабылғаны және ауа райының қолайсыздығы туралы ескертпелерге бейжай қарамау қажет», - дейді СҚО Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Ерлан Мәдиев.

Ал 10 наурыз күні «Челябі-Новосібір» жолының 601 шақырымында жедел жәрдем көлігі тоқтап қалған. М.Жұмабаев ауданы Писаревский ауылдық округінің фельдшері мен көлік жүргізушісі науқасты Петропавлға жеткізіп, қайтып келе жатқан кезде көліктің баллонындағы газ таусылған әрі бензин құрылғысы істен шығып, қосылмай қалған. Жолда қалған оларға патрульді полицейлер көмекке келді. Жедел жәрдемді тіркеп алып, 18 км жерде орналасқан газ құятын бекетке сүйреп апарды.

