Фото: ДСМ баспасөз қызметі
Шымкенттегі Шығыс шағынауданындағы пәтерден бір отбасының үш мүшесінің мәйіті табылды. Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бұл оқиғаны растады, деп хабарлайды Оtyrar.kz.
Марқұмның көршілері жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалған.
"8 ақпанда сағат 16:36-да 112 жедел жәрдем қызметіне пәтер тұрғындарының қоңырауға ұзақ уақыт бойы жауап бермегені және есікті ашпағаны туралы хабарлама келді. Оқиға орнына құтқару тобы жіберілді. Есікті бұзып ашқаннан кейін құтқарушылар пәтерден үш адамның денесін тапты. Тиісті қызметтер шақырылды", — деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаменті.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы тексеріліп жатыр. Алдын ала ақпарат бойынша, қайғылы оқиға табиғи газдан уланудан болуы мүмкін. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
