16 нау, 2021 сағат 21:15

Шымкентте ауыр халде ауруханаға түскен 86 жастағы қария коронавирустан жазылып шықты

Шымкентте ауыр халде ауруханаға түскен 86 жастағы қария коронавирустан жазылып шықты. Жалғас Сулайманов есімді қария 21 ақпан күні ауыр халде жұқпалы аурулар ауруханасына түскен болатын, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Дәрігерлер компьютерлік томографияның көмегімен жұқпалы дерт жұқтырған қарт кісінің өкпе тінінің 80% зақымданғанын анықтаған. Медицина мамандары науқасты тез арада жансақтау бөліміне жатқызып, жасанды тыныс алу аппаратына қосқан. Вирусқа қарсы жүргізілген терапиялық емнің нәтижесінде зейнеткердің жағдайы жақсарып, 4 наурызда жасанды тыныс алу апаратынан алынды. 

«Науқас ауруханаға КВИ инфекцияның ауыр дәрежесімен түсті. Зейнеткерге антикогулянтты, гормональді, оксигенотерапия емдері жүргізілді. Дертінен сауыққан қарт кісі енді үйіне шығарылады»,-дейді жұқпалы аурулар орталығының дәрігері Марлан Қуанышбекұлы. 

Ал, білікті дәрігерлердің еңбегіне қарияның алғысы шексіз. Ол ақ халаттыларға алғысын ақ батамен жеткізді.