Фото: Pexels.com
Шығыс Қазақстан облысында 39 жасында инсульттан қайтыс болған азаматтың ағзалары төрт адамның өмірін құтқарып қалды, деп хабарлайды Qazaqstan.tv.
Марқұмның туыстары дәрігерлердің ұсынысын қабыл алып, ағза донорлығына келісім берген. Күрделі операция алты сағатқа созылып, ішкі ағзалар санитарлық авиация арқылы шұғыл түрде Астанаға жеткізілді.
Нәтижесінде донордың бір бүйрегі 9 жастағы қызға, екінші бүйрегі 58 жастағы азаматқа салынды. Ал жүрегі мен өкпесі трансплантацияға мұқтаж ауыр науқастарға жарады. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда мәйіттік донорлық әлі де өзекті мәселе болып тұр. Қазіргі уақытта ел бойынша ағза ауыстыру кезегінде 4080 науқас тұрса, олардың 300-і – Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары.
Мәйіттік донорлық мәдениетін дамыту халықтың өмір сапасын жақсартып, көптеген науқастарға жаңа өмір сыйлауға мүмкіндік береді.