27 нау, 2021 сағат 08:58

ШҚО құтқарушылары гидрологиялық жағдайға аэровизуалды мониторинг жүргізді

Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары өңірдің гидрологиялық жағдайына аэровизуалды мониторинг жүргізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Жұмыс тобы «Өскемен – Глубокое ауданы – Шемонаиха ауданы - Өскемен» бағыты бойынша аэровизуалды мониторингіге «Қазавиақұтқару» АҚ-ның «Еврокоптер ЕС-145» тікұшағын қолданды. Бұл учаскелер өңірдің гидрологиялық жағдайын анықтау мақсатында тексерілді.

Мониторинг нәтижелері бойынша мамандар барлық зерттелетін аумақта қар ерудің бастапқы кезеңі байқалатынын анықтады. 

Ертіс өзенінде Өскемен су қоймасынан Глубокое ауданының Березовка ауылына дейін мұз жоқ, өзен арнасынан судың шығуы байқалмайды. Шүлбі су қоймасының барлық алаңында мұз қату байқалады. 

Су тасқыны жағдайын бақылау үшін өңірде 53 гидробекетті қамтитын бақылау жүйесі жұмыс істейді.

Шығыс Қазақстан облысында көп жылдық синоптикалық болжам бойынша облыс өзендеріндегі су тасқыны әдетте наурыздың екінші онкүндігінен басталып, маусым айының екінші онкүндігінің ортасына дейін созылады. Өзендердегі су деңгейінің көтерілу қарқындылығы және көлбеу ағындардың пайда болуы ауа температурасының күрт көтерілуіне және жаңбыр түріндегі жауын-шашынға байланысты артуы мүмкін. 

Еске сала кетейік, Шығыс қазақстан облысында қалалар мен аудандарда көктемгі су басудың алдын алу үшін жұмыстар жүргізілуде. Облыс орталығында 2407 тұрғын тұратын 954 үй бар, олар су тасқыны қауіпті аймақта тұрады. Құтқарушылар мүдделі органдармен бірлесіп 2021 жылғы қысқы-көктемгі кезеңге арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарының орындалу барысына күн сайынғы мониторингті жүзеге асырады.