
Семей қаласындағы Ядролық медицина және онкология орталығының қызметкерлері 55 жастағы ер адамға ота жасап, өкпесінен көлемі тауық жұмыртқасындай ісікті алып тастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Науқас онколог-дәрігерлерге өкпенің төменгі бөлігіндегі ісікке байланысты жүгінген. Тексеруден және операцияға дейінгі дайындықтан кейін ол Ядролық медицина және онкология орталығына жатқызылды. Хирургтер ісікті торакоскопиялық әдіспен алып тастады.
Өкпеден алынған көлемі тауық жұмыртқасындай ісік зертханаға гистологиялық зерттеуге жіберілді. Соның нәтижесіне орай одан кейінгі ем-дом тағайындалмақ.

Айта кетейік, отаны Ядролық медицина орталығының онкохирургия бөлімінің меңгерушісі Шыңғыс Әділғазыұлы жасады. Хирургтің көмекшісі - Әміржан Абешов, мейірбике - Айгүл Баяхметова, анестезиолог - Сымбат Қайрашова. Қазір науқастың жағдайы қалыпты.

