05 нау, 2021 сағат 05:17

ШҚО-да жасанды жолмен 140 400 текше метр қар түсірілді

Шығыс Қазақстан облысында жасанды жолмен қар түсірілді, деп хабарлайды  "Ұлт ақпарат".

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жасанды көшкін түсіру жұмыстары «Өскемен-Тарғын-Самар» тасжолында жүргізілді. Қалың қар жауып, жел күшейген соң мамандар осы жолдың бойындағы 9 учаскеде көшкін жүру қаупін байқаған. 

«Жасанды жолмен 140 400 текше метр қар түсірілді. Әсіресе тасжолдың 100-шақырымда көп қар жиналған. Бұл учаскеден 30 000 текше метр қар түсті. Жолды жауып қалған қар бірнеше сағат бойы тазаланды», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, ауа райы ескертулеріне байланысты облыстағы көшкін қаупі жоғары тасжолдар жабылуда. Қазіргі уақытта «Өскемен-Самар», «Өскемен-Алтай-Рахман қайнары» және «Өскемен-Таулы Үлбі-Северное» жолдары жабық.