03 нау, 2021 сағат 14:45

ШҚО-да үш күнде 146 тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелді

Шығыс Қазақстан облысында үш күнде 146 тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары «Тұрмыс» жедел алдын алу шарасын жүргізді. Шара барысында профилактикалық есепте тұрған азаматтарға ерекше назар аударылған. Жалпы саны 4800-ден астам адам тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерілді. Үш күн ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 146 фактісі тіркелген. 

«Нәтижесінде 93 адамға алкогольді ішімдік ішуге тыйым салынды. 1362 азаматқа қатысты қорғау нұсқамасы, 671 адамға ерекше талаптар белгіленді. Кәмелеттік жасқа толмаған балаларды тәрбиелеу және білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес 36 ата-ана жауапқа тартылды», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ 40 қолайсыз отбасы есепке қойылып, 28 ата-анаға қатысты материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтары жөніндегі комиссияға жолданды.