09 сәу, 2021 сағат 20:10

ШҚО-да су басқан ауылдың тұрғындары эвакуацияланып жатыр

Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар Бородулиха ауданы Новопокровка ауылының тұрғындарын эвакуациялап жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар мен жергілікті атқарушы орган өкілдері Новопокровка ауылында тұрғындарды жедел эвакуациялауда. 

Елді мекендегі жер үйлерді су басқан. 

«Су деңгейі 10-нан 30 сантиметрге дейін жетеді. Қазіргі уақытта 10 тұрғын үйден эвакуацияланған азаматтар туыстарының баспаналарына орналастырылатын болды. Сонымен қатар мектепте және әкімдікте эвакуациялық пункт дайындалған» деп хабарлады ведомство өкілдері. 

Оқиға орнына департаменттен, жергілікті атқарушы органнан және 68303 әскери бөлімнен 83 адам мен 19 техника, 3 жүзу құралы, 5 мотопомпа жұмылдырылған. 

400 дана ыдыс-қап төселді.